Зырян ауданының Ермаковка ауылында жергілікті кәсіпкерлер алабалық өсіруді жоспарлап отыр. 13 жылдан бері балық өсірумен айналысып келе жатқан зыряндық «Гранд Фиш» ЖШС жуықта өз учаскелерін кезекті мәрте балықтандыру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жақында ЖШС Ертіс өзенінің өздеріне бөлінген учаскесіне алабалық шабақтарын жіберді. Серіктестік басшылығы алдағы уақытта шабақ цехы және балықшылар үшін арнайы демалыс орнын салуды жоспарлап отыр.
– Аумағының басым бөлігін саябақ алып жатқан кішкене ауылға кәсіпорынның пайда болуы зор дем береді. Әзірге жергілікті тұрғындардың екеуі серіктестікте еңбек етіп жүр. Цех ашылғаннан кейін тағы да жаңа жұмыс орындары пайда болады, – деп хабарлайды Зырян ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.
Серіктестік басшылығы алдағы уақытта өз учаскелерінде алабалық өсіруді көздейді. Таяуда бұл жерде Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсеитов болып қайтты. Аудан әкімі серіктестіктің алабалық өсіру туралы бастамасын қолдап отыр.