Ержан Жұмабек. Ақын, «Серпер» мемлекеттік сыйлығының лауреаты

397
көрілім

Болашақ ақын 1987 жылы бұрыңғы Семей облысына қараған Аягөз қаласында дүниеге келген. 2004 жылы ШҚО Үржар ауданы, Үржар ауылындағы Абай атындағы орта мектеп-лицейінде білім алған.

Өлеңді ол мектеп қабырғасынан бастап жаза бастайды. Бұл өнері оның болашақ мамандығын таңдауда жолын айқындап берді. 2004-2008 жылдары Ержан Жұмабек Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заңгерлік университетінің филология факультетіне «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түседі.

2008-2010 жж ЖОО-ын үздік бағамен тәмамдап, «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша ғылым магистрі атанады. 2016 жылдан бастап Түркияның Омер Халисдемир университетінің докторанты болады.

Еңбек жолын 2008-2009 жылы «Радио-7» радиосында музыкалық жүргізуші ретінде бастайды. 2009-2011 жылдары Семей мемлекеттік медициналық университетінде қазақ және латын тілдерінің кафедрасында оқытушы, 2012-2013 жылдары «Қазақстан-Семей» телеарнасының жүргізуші-редакторы болып жұмыс істейді.

Оның өлеңдері облыстық және республикалық газеттердің беттерінде жарияланады. Ол — «Жігіт сұлтаны» сайысының бас жүлдегері, «Семей серісі» (2005 ж) атағын жеңіп алған. 2005 жылы Семей қаласында өткен жас ақындардың «Наурыз нақыштары» қалалық айтысында 3-ші орынды, 2006 жылы 2-ші орынды иеленді. 2005-2006 жылдары екі жыл қатарынан Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауында 2-ші орынды қанжығасына байлады.

Ержан Жұмабектің өлеңдері «Өсер өркен» жинағына кірді. 2006, 2007, 2008 жылдары «Қазақстан» телеарнасының тікелей эфирінде өткен «Қазақстан чемпионаты», «Аламан» айтыстарының жүлдегері болып табылады. 2012 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Шексіздік шұғыласы» атты өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Сондай-ақ, оның өлеңдері 2015 жылы «Мереке» басылымында шыққан «Жыр маржаны» антологиясына кірді. 2015 жылы «Серпер» Мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді.

2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Стамбулдағы Medeniyetin Burçları (Түркия) ұйымының қолдауымен Ezgi басылымында Ержан Жұмабектің «Sonsuzluk Şûlesi» атты түрік тіліндегі кітабы жарық көрді.

Өзіңізге ұнаған үміткер үшін «Рухани жаңғыру. Қазақстанның 100 жаңа есімі» сайтында дауыс беруіңізге болады: http://100esim.el.kz/ru

Сайттың бас бетінде жобаның мәреге жеткен барлық үміткерлерімен танысуға болады.

Әлеуметтік желі немесе пошта арқылы авторизациядан өткеннен кейін сіз өмірбаяны өзіңізге ұнаған адамға дауыс беру құқығына ие боласыз.

Дауыс беру келесі категориялар бойынша жүргізіледі: ғылым, қоғам, медцина, спорт, мәдениет, бизнес. Әр категорияда үш қатысушыны ғана таңдауға болады.

Біздің замандасымыздың ұжымдық келбеті толық әрі айқын болуы үшін Қазақстанның 100 жаңа есімін таңдауға қатысыңыз.