Есдәулетовтың есімі берілсін!

462
көрілім

Өскемен қаласының зиялы қауым өкілдері аймақ басшысы Даниал Ахметовке ШҚО Драма театрына Рүстем Есдәулетовтың атын беру жайлы ұсыныс-хат жолдады.

– «Жердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» дейді кемеңгер халқымыз. Кешегі күні осы туған Шығысы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, бойындағы Алла сыйлаған барлық мүмкіндіктері мен арда қасиеттерін еліне садақалаған Рүстем Есдәулетов сынды режиссердің дүниеден өткеніне 2019 жылы он жыл толады. Сол атаулы жылға және кешегі күні Елбасы шегелеп айтқан Жастар жылына орайластырып облыстық Драма театрына өзі ыстығына күйіп, суығына тоңған, бүкіл жастық ғұмырын қазақтың өнері мен театрына бағыштаған Рүстем Есдәулетовтың атын берсек деген өтінішіміз бар. Облыс билігі театрға осы азаматтың атын беру арқылы «Рухани жаңғыру» жобасының екі бабы бойынша мұратқа жетеді: біріншіден – халықтың талап-тілегі үдерісінен шығады; екіншіден – жас ұрпаққа өзінің шынайы патриоттарын құрметтеуді үйретеді! Егер де Өзіңіз тарапыңыздан бұл ұсыныс қолдау тауып жатса, өңір халқының қуанышпен қолдайтынына кепілміз, – делінген хат үзіндісінде.

Облыс басшысының атына жолданған хатқа жазушы, ҚР Жазушылар Одағы ШҚО филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев, қоғам қайраткері, «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіптік одағы» ҚБ-нің ШҚО филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жаңабай Әшімов және айтыскер ақын, «Алтай асу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Серік Құсанбаев қол қойған.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ