Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай Үржар өңірінде республикалық деңгейде ауқымды шара өтеді

1371
көрілім

Биылғы жылдың қыркүйек айының 8-9 күндері Үржар ауданында Әсет Найманбайұлының туғанынан 150 жыл толуына орай ауқымды шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Әсет Найманбайұлының есімін ел жадында жаңғырту мақсатында Үржар ауданының билігі мерейтойдың жоспарын құрып та қойыпты. Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің айтуынша, Үржар өңірінде Әсеттің бәйбішесінің бейіті мен әнші оқыған медресе табылған. Ендігі кезекте, зират пен медресені жөндеу жұмыстары қолға алынбақ.

– Жақында Әсет Найманбайұылының бәйбішесі Тәкежанның зиратын тауып алдық. Бейіттің басына тамыз айына дейін құлпытас қойып, қоршап қоямыз. Сонымен бірге, Бақтыда Әсет Найманбайұлы оқыған медресе табылды. Оған да белгі қойып, маңайына шырша егуді қолға алдық, – дейді аудан әкімі.

Әнші-композитордың мерейтойын атап өту үшін Үржар ауданында арнайы қор құрылған екен. Оның басшылығына Әсет Найманбайұлын зерттеу жұмысына күш салып жүрген Әбен Разуев сайланған. Қазіргі күннің өзінде қорға 3,5 миллион теңге ақша жиналыпты.

– Шараны Қазақстан бойынша атап өтеміз. Бұған қоса, Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының көшесін 23 миллион қаржы бөліп жөндеп жатырмыз. Шара аясында Ақындар айтысы, бәйге – бәрі өтеді. Бәйгені өз деңгейінде өткізу үшін стадионды жөндеу жұмысына 5 миллион теңге бөлінді, – дейді Серік Зайнулдин.