Облыс орталығында әскерге шақырылушылар күні салтанатты түрде аталып өтті. Ұлы Жеңістің 73 жылдығы мен жергілікті әскери басқармалардың құрылғанына 100 жыл толуына орай өткізілген шара барысында "Шығыс" аумақтық Қолбасшылығында әскери борышын өтеу мәртебесі бұйырған 40 бозбала жігіттерді әскерге шығарып салу салтанаты өткізілді.
Мерекелік шара қалалық Орталық мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламадан басқа Мәдениет үйінің кіреберісінде Ұлттық Ұлан сарбаздарының әскери киім үлгісі, арнайы құрал-жабдықтар мен әскерилердің зат салатын қаптар көрмесі ұйымдастырылды.
- Бүгін біз салтанатты түрде көктемгі шақырылым сарбаздарын шығарып салып тұрмыз, - деді шара барысында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов. - Жастар - еліміздің болашағы, сондықтан патриоттық тәрбие беру мемлекетіміздің басты мақсаты.
Мерекелік шара барысында жергілікті әскери басқармалардың 100 жылдығына орай бұрын Қарулы Күштер құрылымдарында қызмет еткен азаматтарға мерейтойлық медальдар табысталды.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ