«Етке сұраныс ерекше»: Өскеменге Күршімнен жәрмеңке келді

243
көрілім

Апта сайын өтетін шарада әдеттегідей, өнерпаздар концерттік нөмір ұсынып, сенбінің таңындағы қарбалас тірлік көңілді басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осы жолы Марқакөл ауданының ауылшаруашылық өнімін өндірушілер де келді. Барлығы 12 ауылдық округ. Қала жұрты да осыған үйреніскен. Әр ауылдық округтің арнайылап әкелген дәмі бар. Балық пен бал, құрт, май, ірімшік және тағысын тағы. Еттің жөні бөлек.

– Тауардың он түрі әкелінді. Жалпы, етке деген сұраныс ерекше. Сиыр еті – 3,8 тонна, 1,5 тоннадан жылқы және қой еті, 1,2 тонна балық, 300 келі бал бар. Қалалықтар келгелі осыларға қол созған. Кейбірі құрт, май, сүт, ірімшікті сағынып қалыпты. Барлығы экологиялық жағынан таза өнім. Ал концерттік бағдарламаға күршімдіктерден бөлек, Марқакөл ауданының өнерпаздары да арнайы атсалысуда, – деді аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Альбеков.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бекіткен кестеге сәйкес, аудандар сәлемдемелерін тиеп, тоқсан сайын Өскеменге атбасын бұрады. Күршімдіктер күзге салым қайырымдылық шарасын жалғастырып, «Үміт» Балалар үйіне баруды жоспарлап отыр. Бүлдіршіндер Ертістің ары жағынан келетін қонақтарды асыға күтетін көрінеді.

Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, қазір балық аулауға тыйым салынған. Дегенмен мұның шешімі бар. Қыс айларында ауланған балықтарды сақтау қорынан алынып, қаладағы сауда сөрелеріне қойылды. Өткенде сазан аз әкелінген еді, осы жолы соны көптеп саудалады. Сары май мен кілегей де көп адамның ала сөмкесіне салынып жатты. Жалпы жиынтығы 17,2 млн теңгенің өнімі әкелінді.

– Күршім ауданының жәрмеңкесі өте жақсы ұйымдастырылып жатыр. Өзім осы ауданның тумасымын, онда 60 жыл өмір сүрдім. Жерлестерім келсе, мен осы жаққа асығамын, – деді Сара Тоқанова.

Асыл АЙТБАЕВ