Нәзік жандылардың құқық қорғау органдарына жұмысқа келуі қазір көпке таңсық дүние емес. Күнделікті қарбалас жұмысқа еті үйреніп, қордаланған тапсырманы қиынсынуды жат санайды. Жуықта Өскемен қалалық Полиция басқармасы штаб бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Анар Бекбаевамен әңгімелестік. Бізді тәнті еткені, қызметте жүріп небір шытырман жайттармен ұшырасатын азаматтармен қатарласа, өз міндетін мүлтіксіз орындап келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әңгіме өрбітуіміз жайдан жай емес. Жалпы, штаб бөлімі бақылау, талдау және жоспарлау қызметін атқарады. Адамдар полицияға келгенде, олардың өтініштерін қарастырып, олардың жағдайын түсініп, жағдайды шешуге көмектеседі және дұрыс процессуалдық шешім қабылдайды. Шағын сұхбатымыздан байқағанымыз, Анар Мұқашқызы мақсатшыл, әрі істің адамы. Ерекшелеп айтар тұсы сол, жұмыс пен жеке өмірдегі тепе-теңдікті математикалық дәлдікпен сақтап келеді. Кейіпкеріміз Тарбағатай ауданын қарасты Қарасу ауылында дүниеге келген. Бұл елдімекенді кейбір жұрт қайырымды адамдар шоғырланған топырағы киелі жер деп айтады. Оған тереңірек тоқталуға болады, бірақ тақырыптан ауытқимыз.
Болашақ құқық қорғау өкілі сол ауылдағы Чкалов атындағы орта мектепті тәмамдады. Көптеген тәжірибе көрсеткендей, өмірде шыңға шығатын адамдар тек бір бағытта жылжымайды. Кейіпкеріміз оқуда белсенді болғанымен қоса, спорттан да қаражаяу емес еді. Волейболдан мектеп командасында ойнап, әркез бабында жүрді. Ала допқа арбалған ару орта мектепті де ойдағыдай аяқтайды.
Әрі қарай жоғары оқу орны есігін айқара ашты. Айтпақшы, болашақ мамандығын таңдауына жазықсыз айып тағылған жандарға деген жанашырлығы негіз болған.
– Бала күнімнен адвокат болуды армандадым. Сот алдында іс қорғау, адамның кінәсіздігін дәлелдеу оңай жұмыс емес. Бірақ ол кезде адвокат болудың жауапкершілігін дұрыс түсінбеген болармын, – деді Анар Бекбаева.
Орта мектепті аяқтаған соң алдымен ШҚО Аумақтық университетін қазақ тілі мен әдебиет пәні мамандығы, кейін Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-ды (ол кезде ШҚМУ деп аталды) қаржыгер мамандығы бойынша аяқтады. Бұл кезде бос уақыт бар. Құқық қорғау саласындағы қызметін бастамай тұрып, қазақ классик жазушыларының шығармаларын төгісіп оқып, әдебиет әлеміне бойлап бақты.
– 2009 жылы Шығыс Қазақстан Полиция департаменті штабында аудармашы болып жұмыс істеп, 2013 жылы басқа қызметке ауыстым. Мені Полиция департаментінде штаб инспекторларының жұмысы қызықтыратын еді. Әйтеуір сәті түсіп, Ертіс полиция бөлімшесінде инспектор болдым. Өзім қалаған бағытта жеті жылдан астам уақыт жұмыс істеп, 2020 жылы Өскемен Полиция басқармасының штабына келдім, – деді полиция капитаны.
Қысқаша айтқанда, қызметтің қалтарыс-бұлтарысы осындай. Сырт көзге алып бара жатқан ешнәрсе жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Шынтуайтында, нәзік жандылар үшін әп-сәтте қауырт тапсырма қаптап, жүктеме жиілегенде жинақылық пен жеделдік қажет. Түрлі қылмыстар кідірісті күтпейді.
– Бір күнім бір күніме ұқсамайды. 2013 жылы полиция болып жұмысқа тұрып, алғашқы дайындыққа оқуға кеткенде анам өмірден озды. Бірақ анашым оған дейін осы саланы таңдауымды толықтай қолдады. Ешқашан күмәнданып, қабақ шытқан емес. Әкемнен ерте айырылдым. Ол кісінің көзқарасын айта алмаймын, – деді Анар Мұқашқызы.
Мақсатына жетер жолда өмірден ауыр соққы алса да, бағытынан таймады. Отбасы құрып, жеке өмірінде бақыттың желкенін биік көтерді. Анығы сол, өз саласына әбден төселген жан үшін қазір бос уақыт табудың өзі қиын.
– Бұл саланың өзгесінен ерекшелігі сол, шыдамдылықты, қайсарлықты талап етеді. Тапсырма қиындап, аяқ асты өзгерістер сап етсе, сабырлы болу маңызды. Әйел адам үшін, оның ішінде отбасылы жан үшін қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызмет. Жұмысым өзіме ұнайтындықтан қиындық келтірер тұсы жоқ деп ойлаймын. Жалпы, қолым қалт етсе жұбайым Саянмен, кішкентайларыммен табиғат аясына шығуды жөн көреміз, – деді Анар Бекбаева.
Отағасы басқа саланың маманы. Дегенмен балалары полицей болуды қаласа, қарсы болмаймын дейді кейіпкеріміз. Қазіргі уақытта Бекбаевтар отбасы бір ұл, екі қызды тәрбиелеп отыр. Анар Мұқашқызы әлі де спортты серік етеді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, басшылық берген тапсырмаға атүсті қарап, шаруаны аяқсыз қалдырған емес. Ендеше, өзі айтқандай, қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметте Анар Бекбаеваға Құдай қуат берсін дейміз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ