Әуезов театры Өскеменге келді

226
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Облыс орталығындағы Драма театрына Мұхтар Әуезов театры гастрольдік сапармен келді, деп хабарлайды  Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәдениет ошағында алматылық ұжым Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» махаббат дастанымен сахна шымылдығын ашты. Халық үшін бұл қойылымның орны ерекше екені белгілі. Сахна төрінен көрерменнің көзайымына айналған, белгілі кино және театр актерлары бой көрсетіп, қала халқына өз өнерлерін паш етті.

                                                                                                                               
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының  директоры Еркін Тілеуқұлұлының сөзінше, театр қоржынында 70-ке жуық қойылым бар. 
- Біз бұл жолы Шығыс Қазақстанға бес күндік сапармен келдік.  Рухани сапар жасап, қоржынымыздағы қойылымдарды қала халқына ұсынуды жөн көрдік. Әр қалаға жеребе бойынша таңдап бес қойылымнан апарамыз. Өскемен тұрғындары «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» махаббат дастаны секілді көрермен көңілінен шыққан қойылымдарды тамашалайтын болады. Сондықтан қала халқы осы мүмкіндікті жіберіп алмай, рухани дем алып қайтады деген үміттеміз, - деді театр директоры.
Қойылым расымен де жиналған жұрттың көңілінен шықты. Актерлердің шеберліктері, өз образдарын ашуы, жүрекке жеткізе ойнауы өскемендіктердің көңілін сүйсінтіп, ерекше демалыс сыйлады. 
Айта кетейік, театр ұжымының 19 мамырға дейін жалғасатын сахна туындыларының кестесі төмендегідей: 
16 мамыр күні сағат 19:00  Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» драмасы;
17 мамыр күні сағат 19:00  Рахымжан Отарбаевтың «Қытайдан жеткен сәлемдеме» драмасы;
18 мамыр күні сағат 19:00  Исраил Сапарбайдың «Сыған серенедасы» мюзиклы;
19 мамыр күні, сағат 19:00  Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Бес бойдаққа бір той» комедиясы.

Нұрдәулет Қалибеков