Эверест тауын тұңғыш бағындырған қазақ қызы Анар Бурашева – Шығыс Қазақстанның тумасы

279
көрілім
Фотосурет kp.kz сайтынан

Өткенде өңір тұрғындары мен республиканың әр түкпірінен артынып-тартынып жеткендер биіктігі 840 метр болатын Қызылтасқа (Ұлан ауданы) көтерілді. Адырлардан аттап, тастарды күнде таптамаған жан бұған да ентігеді. Ал айлап жүргізген әзірлік нәтижесінде Эверестті бағындырған Анар Бурашева командаластарымен 8848 метр болатын биікті еңсерді! Осы ақпарат айшылық жерлерге әп сәтте жетіп, жұрт сүйіншілеп жатқанда оның жерлесіміз екенін ойламадық та. Сөйтсе, ел назары ауған нәзік жанды – Серебрянск қаласының тумасы екен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Құнарлы ас-судан қол үзеді

Сапар сәуір айында басталғанын ескерсек, содан бері үш айдан асты. Эверест сол күні түсіп шығатын шың емес екені түсінікті. Арнайы топ күмбездей төңкерілген көк аспанға көз тастап, етекті еңсергенше бірнеше күн өткен. Таудың ұшар басына шығып, көлденең кездескен кедергілерден өтіп, түскенше тағы бірнеше күн артта қалады. Қысқасы, абыр-сабыр басылғанша кейіпкерімізбен байланысу мүмкін болмады. Қуанышқа орай, шет елде жүрсе де, жуықта қоңырауымызға жауап беріп, аз-кем ақпаратымен бөлісіп үлгерді.

Мана айтқандай, Анар Бурашева Алтай ауданына қарасты Серебрянск қаласында дүниеге келген. Балалық шағы сол жақта өтті. Туған жері Алтай тауының қоршауында екенін ескерсек, есейе келе Эверестке аңсары ауғаны заңдылық. Өзі бала күнінен тауға шығып, қыс болса шаңғы тепті.

– Табиғат аясына серуендеген ұнайды. Дене тәрбиесі сабағында жүгіргенді жаным сүйетін, ал шаңғының жөні бөлек. Бірақ кішкентай күнімде альпинизм, биік шыңдарды арнайылап барып бағындыру дегенді көп естімедім, – деді Анар.

Жерлесіміз Серебрянскідегі №3 мектеп-лицейін тәмамдады. Қолы қалт етсе, тауға тартып отыратын табанды бойжеткен бакалвр білімін Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да алды. Сүйінші жаңалық республика аумағына құлашын жайып жатқанда, университеттегі оқытушыларды да сөзге тартып көрдік. Бәрінің айтқаны бір – Бурашева сырт көзге талдырмаш көрінгенімен, бойына біткен қайсарлығы байқалып тұратын. Ол аталған ЖОО-да «Қаржы» мамандығы бойынша диплом алған соң әрі қарай «Менеджмент» бағытында магистратураны бітірді. Қазір Алматыда тұрады. Ал Kazakh Everest Team аталатын спорттық-патриоттық экспедиция құрамындағылар мамыр айының 12-сі күні Эверест тауына шықты. Бізге осы жағы ерекше қызық. Қалай шықты, не түрткі болды? Ендеше таңмен таласа қам қылып, жүзін қарсыдан соққан самалаға сүйгізе отырып, тауға көтерілген топтың дайындығы қалай болғанын рет-ретімен баяндайық.

Бұған дейін берілген ақпараттарға көз жүгіртсек, осындай батыл бастама көтергендердің бірі – жерлесіміздің өзі. Ол Шығыс Қазақстаннан оңтүстік өңірге кеткелі сол жақта тауға жүгіруді күн тәртібіне енгізді. Тіпті жұмысқа тұрарда әзірлеген түйіндемесінде «бойымдағы бар қуатымды жинап, Эверест тауына шыққым келеді» деп жазған. Анар мүмкін емес межені қоймады алдына. Оған дейін ірілі-ұсақты һәм Мұзтаудың (4506 метр) биігінен асатын шыңдарды еңсерді. Айталық, Алматы аумағында 3450 метрден 4315 метрге жететін бірнеше биік, Талғар (4979 м), Килиманджаро (5895 м) және Монблан (4809 м) шыңы бар. Алтай ауданының тумасы кәсіби сайыстардан жүлде алып, спорттық атақтарға да ие болды.

Көп бөлігі Қытай мен Непалды басып жатқан Эверестке осы уақытқа дейін 6000-нан астам адам көтеріліп, ең басына ту тіккен. Сәтін салса, ақша бұлттар арасынан тағы бір топтың қарасы көрінбек. Оларды бастайтын – Мақсұт Жұмаев. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арнайы операциялар күші таулы дайындық орталығының майоры, биіктігі 8000 метрден асатын 14 шыңның барлығына шыққан азамат бұған айырықша жоспар құрыпты.

Анар Бурашеваның сөзінше, әу баста бір жылдай дайындалу туралы ұсыныс тасталған. Бірақ экспедициялық топтың бойынан қуат, іштей әзірлігі байқалған соң уақыт қысқарды. Киім-кешек салынды, ас-су жоспарға сәйкес, команда құрамына жеті адам бекітілді, ендігі бағыт – Непал. Үш сөзбен жаза салғанымыз болмаса, осыларды тап-тұйнақтай етуге бірнеше ай кетті. Эверестке шығамын деген талай адам орташа алғанда 5-20 келі шамасында салмақ жоғалтады. Тәттілер мен газдалған сусындарды мәзірден мүлде шығарған. Жорық кезінде баптап тамақ ішу де, ыстық суға жуыну деген де болмайды. Демек, арнайы топ бір-екі айдай жайлы өмірден шет қалады деген сөз.

Топ басында – тісқаққан альпинист

Сөйтіп сәуір айының басында «Алматы – Непал – Катманду – Луклу» бағытындағы рейс сәтті жалғасып, бұл уақытта қазақстандық ұжым сол жақтың климатына да біртіндеп бейімделді. Жорық басталатын лагерьге жеткенше біршама жолды жаяу еңсерді. Бірақ бұл әлі ресми бөлік емес. Отандастарымыз ең бірінші болып биіктігі 6130 метр болатын Айленд-Пик шыңына көтерілді. Өзіндік қиындығы бар, күшіңді орнымен жұмсамасаң едәуір қажытып жібереді.

– Бұл жақта кәдімгі қыс. Жүріп келе жатып қары мен мұзы аралас жерде жартастағы жарыққа түсіп кете жаздайсың. Мұз тесетін құралымыз болмаса, сырғып, құлап кетуіміз мүмкін, – деді Анар.

Алтай ауданының тумасы Мақсұт Жұмаевпен бірге Айленд-Пик-ке тұңғыш болып шықты. Ойлы-қырлы жерлерге ұшырастырмай, қауіпсіздікке жауапты болған сондағы гидті де айта кеткен орынды. Қалған адамдар 6000 метрге жетпейтін межеден қайта төменге жіберілді. Мәлім болғандай, кейбірі өздерін жайсыз сезінген.

Гималай таулы жотасы ешкімнің еркелігін кешірмейтінін бұған де байқатқан. Біріншіден, ол туралы айтылар аңыз да, ғажайыпқа бергісіз шындық та көп. Бірі – ертедегі тибет пен непал діни суреттерінде бейнеленген Қар адамының ізін байқапты-мыс. Содан 1960-шы жылы алғашқы экспедиция ұйымдастылып, жаңа зеландиялық зерттеушілер әлдеқандай ілік тауып қаламыз деп барын салған. Бірақ күні бүгінге дейін түк табылмады. Гималайдың ұшар басында жоғалған адамдар да көптеген ғалым үшін жұмбақ жағдай. Нақты себебіне ешкім бойламапты. Әйткенмен Мақсұт Жұмаевтай тісқаққан альпинист топ бастағанда, көп адамның көңіліне сенім ұялағаны сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі, жігерін жанып шыққан жетеу Эверестке тек биікті бағындыру үшін емес, мұны Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың рухына бағыштауға ниет етті. Мақсұт Жұмаев жорыққа шықпас бұрын жергілікті халықпен бірге Құдайға сыйыну рәсіміне қатысқандарын айтты.

– Сондай наным-сенімдері бар екен. Оның барлығы сапар сәтті болсын дегенге дұға қылу. Бірақ тауға көтеріліп бара жатып, қиналған кезде ойға «Бісмілләдан» басқа ешнәрсе түспейді, – деп жазды ол.

Ал Анар Бурашеваның сөзінше, сол рәсімге қатысқан соң тауға беттегендердің рухы көтеріліп, әлдебір сенімге ие болды. Олар мұны «Пуджа» деп атайды. Осы арқылы жоғарыға көтеріліп, түсу үшін таудан рұқсат аламыз, – деді кейіпкеріміз.

Экспедициялық топ мүшелерінің сөмкесінде көп затпен бірге Қазақстанның көк туы да бар. Аздаған уақыттан соң жерлесіміз соны өзгелермен бірге Эверестке алып шығар. Алайда бұл уақытта Анардың өзегі өртеніп жатты. Көңілді айрықша сезім билеп ала жөнелгенде әкесінің қайтыс болғанын естіген. Өмірдің осындай ауыр соққысы келіп тигенде, оның рухы сынбады. Қайта межелі жерге жеткен соң әкесінің әруағына тәу етемін деп шешкен.

Мерт болған моңғолиялықтар

Сәуір айының 21-і күні экспедиция құрамындағылар Эверестке шығар жолдың 5700 метрден астамын бағындырды. Ең қиыны – 6400 метрге жеткенде басталатын Кхумбу мұздығының маңы. Жалпы, қазақстандық топ әр аумаққа бөлінген лагерьлерге рет-ретімен жетіп отырды. Бірақ көңілдері соққан кезде көтеріле кетпейді. Эверест шыңына дейін -50 градус аязды да сезінді, ақ түтек боранда да қалды. Өрмелеп келе жатқан адамға төбеден тастар құлайды, қар көшкіні жоқ жерден төнеді. Қауіп жан жақта.

– Айтып ауыз жиғанша болмады, біз 8848 метрді еңсерер алдында боран басталды. Кедергісіз келе жатқан жолымыз бар, соның бәрін қар алып қалды. Алдымыздан түк көрінбейді. Оттегі бар маскамызды киюге мәжбүр болдық. Әйтеуір, осының барлығын алдын ала ескерген Мақсұт Жұмаевтың арқасында қолайсыз сәттер тез-ақ ұмытылды, – деді жерлесіміз.

Мәлім болғандай, осының алдында бір күн бұрын Моңғолиядан келген екі альпинист көз жұмды. Қазақстаннан барған экспедиция мүшелерінің ойынша, биікке шығуын шыққан, тек төмен түскенде боранда қалулары мүмкін. Бұл уақытта басқа елдің де өкілдері Эверестті бетке алған. Алайда тек бес мемлекеттен барған альпинистер таудың ұшар басына топталды.

Осылайша, мамыр айының 12-сі күні құрамына шығысқазақстандық Анар Бурашева енген Kazakh Everest Team командасы биіктігі 8848 метр болатын Эверест шыңын дін-аман бағындырды.

Ал жерлесіміз тылсымы мен ғажайыбы қатар өрілген биікке қазақ қыздарынан алғаш болып көтерілді. Жеті адамнан тұратын топ мамыр айының 7-сі күні негізгі лагерьден жолға шығып, 12-сі күні тау басына ту тікті. Қатты шаршаса да, іштей мерейі үстем. Анар Маратқызы осы сәтті өміріндегі ең жарқын фрагмент әрі ғаламат кезеңнің бірі деп айтты. Мүмкіндік туса, осыған ұқсас шыңдарға әлі де шығуға ниетті. Ерлермен иық тірестіре батыл қадам жасаған жерлесімізге Құдай медет берсін дейміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосуреттер Анар Бурашеваның жеке мұрағатынан