Биылғы жылы Елордада өтетін EXPO-2017 көрмесіне Тарбағатай ауданындағы Әулие Ырғызбай кешенінде құралған алып асық апарылатын болды. Бірегей туынды 50 мың асықтан құралған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әулие Ырғызбай кешенінің директоры Болат Құнанбайұлы асықты 16 жыл бойы жинаған екен.
– Асық саны 25 мыңға жуықтағанда Гиннестің Рекордтар кітабына ену үшін өтініш жаздым. Екі айдан кейін «Асық саны сіздей көп адам жоқ. Рекордтар кітабына енгізуге болады» деген жауап алдым. Гиннестің Рекордтар кітабының Астанадағы филиалы мені шақырып, асықтардың енгені туралы сертификатты табыс етті, – дейді Болат Құнанбайұлы.
Ақырында, жинай келе Болат Құнанбайұлы асықтардан туынды құрастырып шығаруды ойластырған. Осы мақсатқа жарты жыл уақытын жұмсап, алып асықты құрастырып шығарған екен.
– Асықты дұрыс сақтамасаң шіріп кетеді. Қойдың асықты жілігінен екі асық шығады. Басқа да жинаған асықтармен қосып қазандағы қайнаған суға салып, қара тұз қосып, 3-5 сағат қайнатамыз. Тұз асықтың майын сорып алады, – дейді кешен директоры.
Қазіргі таңда алып асық Әулие Ырғызбай кешенінде тұр. Жуырда EXPO-2017 көрмесіне жөнелтілетін болады.
Аян Өрібаев