Францияның Қазақстандағы Елшілігінің Мәдени ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Алекс Бортолан мырза С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жастармен кездесудегі мақсаты - француз тарапы ұсынған стипендиялық бағдарламалар ақпарат беру. ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер құрметті қонақпен кездесіп, ашық сұхбат құрды.
-Бүгін мен ірі өңірлік жоғары оқу орындарының бірі ШҚУ-ға арнайы келдім. Франция Президенті Эмануэль Макронның 2023 жылғы мемлекеттік сапары қазақ-француз қатынастарын одан әрі нығайтуға серпін берді. Біз үшін жоғары білім беру саласында берік әріптестік байланыстарды қолдау, сондай-ақ қазақстандық студенттердің француз тілін үйренуін дамыту ісі маңызды, - деді Бортолан мырза.
ШҚУ ректоры ЖОО қабырғасында франциялық еріктілердің жұмысы туралы ұсыныс айтты. Мұхтар Төлегеннің айтуынша, университетте тілді оқытумен айналысатын шетелдік волонтерлар үшін барлық жағдай жасалған.
Студенттермен диалог алаңы барысында Алекс Бортолан әйгілі «Абай-Верн» стипендиялық бағдарламасын бөлді. Естеріңізге сала кетейік, бұл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Франция Республикасы Еуропа және Сыртқы істер министрлігінің бірлескен бағдарламасы. Таяуда ғана «Абай-Верн» стипендиясын тағайындау үшін мамандықтарды таңдауды шектемейтін кезекті байқау басталды. Оның аясында магистранттар үшін барлығы 45 стипендия және докторанттарға арналған бірлескен ғылыми жетекшілікте диссертация дайындауға мүмкіндік беретін бес стипендия қарастырылған. Спикер атап өткендей, толық ақпаратты Kazakhstan campusfrance –https://www.kazakhstan.campusfrance.org/stipendialnaya-programma-abay-vern. ресми сайтынан білуге болады.
Сонымен қатар, Бортолан мырза Францияда оқудың басқа да оң тұстары туралы айтты. Мысалы, студенттерге француз тілін жоғары деңгейде меңгеру міндетті емес. Көптеген стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін ағылшын тілін білу жеткілікті. Бұл жастардың оқуға бейімделу процесін едәуір жеңілдетеді, дейді ол. Өзекті бағдарламалардың толық тізімін https://www.kazakhstan.campusfrance.org/recherche/theme/stipendialnye-programmy-1066. сілтемесі арқылы көруге болады.
Диалог барысында кеңесші мырза студенттердің, ПОҚ, докторанттар мен магистранттардың барлық сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ білім алушылардың стипендиялық бағдарламаларға және Франция Республикасының Жоғары білім беру жүйесіне деген жоғары қызығушылығын атап өтті.
Құрметті қонаққа университет мұражайы, сирек қоры бар ғылыми кітапхана мен "Dana Bala" үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы жұмысы таныстырылды. Алекс Бортолан 16000-нан астам бірегей сирек кітап қоры бар бай кітапханаға ерекше таң қалды. Ол сонымен қатар университеттің инклюзивті білім беру саласындағы қыруар жұмысы мен оқу ғимаратының жоғары материалдық-техникалық жабдықталуын атап өтті.