Гарнизонда жазғы далалық мәдени демалыс орталығы ашылды

519
көрілім

Өскемен гарнизонындағы механикаландырылған бригада аумағында жеке құрамның мәдени демалыс уақыттарын тиімді өткізуге қолайлы жағдай жасалып, 600 орынды жазғы далалық клуб ашылды.
Бригада басшылығының идеясынан туындаған және жеке құрамның күшімен салынған сахнаны тұрғызуға бір ай уақыт кетті.
Гарнизон бастығы подполковник Аслан Кітапбаев бригададағы барлық жеке құрамды ауызбіршілік пен әскери тәртіпті нығайтуға шақырып, жазғы клубты салтанатты түрде ашты.
-    Осы клубта мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйін көтеру мақсатында, концерттер, көңілділер мен тапқырлар алаңы сияқты іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілетін болады, – дейді гарнизон бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Абзал Тәждинов.
Жазғы уақытта ашық аспан астында демалыс уақытын тиімді өткізуге қолдау жасап отырған бригада басшылығына сарбаздар атынан қатардағы жауынгер Ерқанат Меней алғысын білдіріп, мәдени демалыс орталығында көркемөнерпаздар құрамында өнер көрсетеміз деп қуанышын жеткізді.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі