Астана қалалық Музыкалық жас көрермен театры өнер сапарымен шырайлы шығыстың бас шаһары Өскеменге атбасын тіреді. Бейнелерін әлеуметтік желіге жастар жарыса жүктейтін, қоғамның ең өзекті тақырыптарын көтере білген “Гауһартас” музыкалық драмасына жиылған көрерменнің қарасы көп болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дулат Исабековтың 25 жасында Мәскеу түбінде әскери борышын өтеу кезінде жазған тырнақалды туындысы міне Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында 205-ші рет өнер сүйер қауымға жол тартып отыр. Рекордтық көрсеткіш жинап, әр билеті аншлагпен өтетін “Гауһартасты” өскемендік көрермен де асыға күткен. Залға жиналған көрерменнің басым бөлігі жастар болды. Қойылымның тәрбиелік мақсаты да сол - кітап бетін аша қоймайтын, әлеуметтік желіні жағалаған, өзінің ұлттық құндылықтарын ұмыт қылған жастардың жүрегіне жол табу. Музыкалық жас көрермен театры “Гауһартас” арқылы діттеген мақсатқа жете алды. “Малым - жанымның садақасы, жаным - арымның садақасы” дейтін қазақ қоғамындағы отбасы құндылығы, әке тәрбиесінің алар орыны, шаңырақ бақыты сынды өзекті мәселелердің жауабын бір қарапайым отбасының өмірі арқылы жеткізе білді. Рухани құндылықтарды арқау ете отырып, әйел затына тән нәзік бейне, ерлердің батыл болмыс-бітімі, қазақ шаңырағындағы әрбір адамның жан дүниесі сахнада сыр шертті. Туынды жазылғанымен, оны көрерменге жеткізіп, сахна төрінде жүзеге асыруда режиссер Асхат Маемировтың шеберлігін де айта кеткен жөн.
- Қазақстанның театр кеңістігінде рекордтық көрсетілім жасаған “Гауһартас” қойылымын Мәдениет және ақпарат министрлігі үздік деп танып “Ұмай” сыйлығын табыстаған. “Тикетон” билеттер желісі бұл музыкалық драманы театр мен халық арасындағы алтын көпір болған, жылдың мемлекеттік театрлар арасындағы ең үздік қойылымы деп атады. Бұл Дулат Исабековтың әлі жазушылық қолтаңбасы қалыптаспаған, өмірге деген шынайы көзқарасымен мөлдір етіп жазылған “Гауһартас” повесінің желісінде сахналанған ерекше қойылым. Шымылдықтың артындағы жас актерлер мен жас көрермендердің арасында үйлесім тауып, нәтижесінде сіздер жақсы көретін музыкалық драма дүниеге келді, - деді Асхат Маемиров.
Қойылымның қалың көпшілікке танылуының тағы бір себебі - театрдың 25-30 жас арасындағы талантты актерлері. “Гауһартаста” ән де, би де, күлкі де, қайғы да қатар өмір сүрді, әртістер жан тәнімен сол өмірді сүре білді. Сахнада жүрген жастардың махаббат туралы пайымы, өмірге деген құштарлығы дәл осы қойылыммен үндесіп, көрермен алдында ерекше бейнеге ие болды. Музыкалық драмадағы заманауи реңмен, қаймағын бұзбай шырқалған “Құдаша”, “Ләйлім шырақ” әндері көрермен арасында танылып, дүйім жұртқа кеңінен тарап кеткен.
- Өнердің құдіреті шексіз. Бүгін оған тағы бір мәрте куә болдық. “Мың рет естігенше, бір рет көр” демекші, көрерменнің көзайымына айналған Музыкалық жас көрермен театрының қойылымдарына баруды ұзақ уақыт армандап жүр едім. Театрдың бүгін Өскеменге гастролдік іс-сапармен келуі, шығысқазақстандық театр сүйер қауымның арманын орындады. Әсіресе, “Гауһартас” музыкалық драмасы облыстық филормония залында сахналады дегенді естіп, бірден билет алдым. Театр ұжымына алғысым шексіз, адам бойында өмір сүретін түрлі сезімдер қайта жанданды, әсерге толы болды, - деді көрермен Назерке Имаш.
Айта кетейік, Музыкалық жас көрермен театрының Өскемендегі өнер сапары үш күнге жалғасады. Маусымның бесі, жетісі күндері “Гауһартас” спектаклі қайта көрерменге жол тартса, алтысы күні тағы бір үздік қойылым “Қоштасқым келмейді…” музыкалық драмасы мен жетісі күні “Махаббат бар ма?” лирикалық комедиясы театр төрінде сахналанатын болады.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ