Глубокое ауданында абаттандыру жұмыстары жалғасуда

124
көрілім
фото сурет автордікі

Глубокое ауданына қарасты Солнечное кентінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған кенттегі «Өскемен арнаулы әлеуметтік қызметтік көрсету» орталығы маңында «Жастар Рухы» филиалы өкілдері мен қала еріктілері бірігіп, көктемгі абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Орталық директоры Жәнібек Шаянбаевтың сөзінше, абаттандыру жұмыстары жылда ұйымдастырылады және уақыт өткен сайын қолұшын созатын еріктілер қарасы көбейіп келеді.
- Президент бастамасына орай ұйымдастырылып отырған «Таза Қазақстан» акциясына орталық қызметкерлері белсене қатысуда. Еріктілер жұмылдырылып, игі бастама аясында иін тіресе жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, жер қопсытып, орталық маңын тазартты. Бұл мекеме қызметкерлеріне үлкен көмек болды, - деді орталық басшысы.
Бұған қоса, тазалық акциясы көршілес Бобровка ауылында да жалғасын тауыпты. Ал Солнечный кентіндегі мекеме 120 орынға шақталған, қазіргі уақытта 115 орын толықтай қамтылған. Мұндағы қызметкерлердің сөзінше, орталықта қарттар үшін барлық жағдай жасалған.


Еске сала кетейік, «Жастар Рухы» жастар қанаты ШҚО филиалының төрағасы Қорлан Тоғамбаеваның айтуынша, бұл шараға еріктілерден бөлек, «Amanat» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімі қызметкерлері де атсалысты.
- «Таза Қазақстан» акциясы бойынша еліміздің барлық аймағында көктемгі тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шарадан шет қалмай, қаламызға қарасты іргелес аудандар мен ауылдарда ерікті жастармен бірігіп, тазалыққа мән бердік. Бұған қаладағы Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенттері тартылды. Біз сенбілік өткізумен ғана шектелмей, орталықта тұратын қарттарымызбен әңгіме-дүкен құрып, олармен кішкене болса да ой бөлісіп қайтамыз, - деді төраға.
Абаттандыру жұмыстарына бас-аяғы 30-ға жуық студент жұмылдырылды.

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ