Глубокое ауданында кәсіпке бет бұрған жастарды қолдау мақсатында «Jasa jastar» шағын-гранттар байқауы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудандық Жастар орталығының тапсырысы негізінде өткен шара түрлі жоспарын арқалап әкелген қатысушылардың басын қосты. Жобаны Тәуелсіз зерттеу орталығы орындаған. Аталған байқауда әрбірі өзі әзірлеп әкелген бизнес-жоспарын қорғап, маңызы мен тиімділігін түсіндірді. Айта кетерлік жайт, қазылар тарапы да әр саланың білікті мамандары, ұсынылған жұмысты барынша қаз-қалпы бағалауды басшылық еткен. Бірі еріктілер тобына арнайы киімдер алдыру жөнінде жоспарын ортаға салса, тағы бірі ара шаруашылығының тиімділігімен бөлісті.
Айталық, осы идеяны ұсынған Отанбек Мұхамедияров араның балұясын сатып алу арқылы 2024 жылға дейін табыс мөлшері 14800000 теңгеге дейін ұлғаятынын алға тартты. Кететін шығын төрт еседей аз деді. Мұның ішінде жабдықтарды ауыстырып отыру, жұмысшылар жалақысы һәм балұясын сатып алу ескеріледі. Сайып келгенде, омарта шаруашылығын дамытып, кәсіпті дөңгелетуге болатынын айтты.
Ал Гүлмира Дәулетбаева домбыра үйірмесін ашу жоспарына тоқталды. Прогресс ауылында қолға алынса, ұлттық аспап ұлықталып, жас күйшілердің түлеп ұшатындығына сенім білдірді. Әлбетте, шығыны мен пайдасы қатар қамтылды.
Қысқасы, әр қатысушы дайындаған бизнес-жоспардың кіріс тұрғысынан алғанда түсірер табысы анық байқалды. Десе де қазылар таңдаған жеңімпаз біреу. Байқау қорытындысында жоғарыда жазған Гүлмира Дәулетбаева үздік шықты. Екінші орын Тамила Тоқтағановаға бұйырса, үздік үштікті еріктілер клубын ашуға ниет білдірген Анастасия Богомолова қорытындылады.