Глубокое ауданында Қызыл кітапқа енген бірқазан құтқарылды

581
көрілім

Глубокое ауданының Белоусовка ауылында табылған Қызыл кітапқа енген құсты полицейлер Өскемен қаласының ветеринарлық клиникасына тапсырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне Белоусовка тұрғындарынан ауыл көшелерінің бірінде күтпеген «қонақтың» барын хабарлаған. Қоңырау шалушы ерекше құс біраз уақыттан бері қозғалмағанын, маманның көмегіне мұқтаж болуы мүмкін екендігін жеткізген. Ақпарат түскен бойда тәртіп сақшылары дереу аталған мекенжайға асықты.

 - Оқиға орнына келген учаскелік инспектор полиция аға лейтенанты Еркебұлан Мұратұлы құсты қарап шығып Өскемен ветеринарлық клиникасының мамандарын шақырту туралы шешім қабылдады. Полиция қызметкері дәрігерлер келгенше жараланған құсты қаңғыбас иттердің шабуылынан қорғап тұрды. Жаралы құстың тағдырына алаңдамауға болады, себебі ол білікті де қамқор мамандардың қолына тапсырылды, - делінген мәліметте.

Осылайша, Белоусовка тұрғындары полиция қызметкерімен бірлесіп сирек кездесетін бірқазанды сақтап қалды.