Глубокое ауданының Опытное поле ауылындағы тұрғындар балшықтан құтыла алмай отыр

1508
көрілім
Опытное поле ауылындағы Молодежная көшесі. Фотосурет авторы Азамат Темірбеков.
Қыста қардан, жазда шаңнан, көктем-күзде балшықтан көз ашпайтын Глубокое ауданына қарасты Опытное поле ауылындағы Молодежная және Звездная көшелерінің тұрғындары «Биыл да билік назарынан тыс қалып, жолдарымыз жөнделмей қала ма?» деп күдіктенуде. Ауылдықтарды қоқысты алысқа емес, қоршауынан асыра лақтыратын бірқатар ауыл тұрғындарының әрекеттері де қынжылтуда. Тұрғындардың айтуынша, үй арасындағы қара жолдың жағдайы нашарлап, көше шетіндегі арықтардың бітелуі кесірінен ауыл басындағы алқаптан келетін қар мен жауын суы жолды шайып, адам жүруге жарамсыз қылып тастайтын көрінеді, деп хабарлайды buqara.kz сайтының тілшісі.

«Өркениеттен жұрдаймыз»

Үржар ауданынан екі жыл бұрын көшіп келген едік, – дейді Жанар (аты-жөні өзгертілген) есімді Молодежная көшесінің тұрғыны. – Өркениет орталығынан шалғай жатқан ауылдардың өзінде мұндай берекесіздік жоқ. Бала-шағаның жайын ойлап қалаға көшіп келген едік. Қыста қардан, көктем-күзде лай батпақтан көз ашпайтын болдық. Қалаға бару үшін төменде жатқан Береговая көшесіне шығамыз. Шығамыз деймін-ау, оның өзі машақат! Тіке тартатын атауы жоқ көшенің екі жағында тұратын үйлердің тұрғындары тасқын судан қорғану үшін қоршауларының түбіне күл төгіп, су ағатын арықтарды мүлдем бітеп тастаған. Енді су көшенің шетімен емес, ортасымен сарқырайтын болды. Өткенде тау басынан келген тасқын су осы көшемен келе жатқан бізді ағызып кете жаздады.

Қоқысты көлікпен ауылдан тысқары тасуды ойлайтын тұрғындар қарасының тым аз екенін айтқан ол, кейбір адамдардың қоқысты қоршау сыртынан лақтыра салатынына да кейіді.

«Су етікті қолтықтап жүреміз»

Былтыр ауылдық округ әкіміне барған едім, – дейді Базарбек (аты-жөні өзгертілген) есімді ақсақал. – «Биыл көшелеріңе тас төсеп береміз» деп уәде етті. Үйімізде екі көлігіміз бар, бірақ барынан не пайда? Мынадай батпақпен жүре алмайтындықтан, көлігімізді Молодежная көшесінің анау басына тастап кетеміз. Алда-жалда ауырып-сырқасақ шығу мүлдем мүмкін емес. Көлігі жоқтарға «Жедел жәрдем» көлігі де жете алмайды. Он жыл бойы тұрсам да, көшенің оңып кеткенін көрген емеспін. Өткен жылы Молодежная көшесінің тұрғындары өз қалталарынан қаражат жинап, көшені жөндетуге бел буғанымызда ауыл әкімі «Біз өзіміз жөндетіп береміз» деп тоқтатып қойды.

Жарты шақырымға таяу жолды әр үй басы он мың теңгеден жинап, жөндетуді жөн көрген тұрғындар «Биылғы жылы бұл мәселе тағы да қолға алынбай қала ма?» деп күдіктенуде.

Бұл көктем-күзде ғана болатын мәселе емес, – дейді ол. – Жазда жауып өткен нөсердің өзі көшені саз батпаққа айналдырып жібереді. Үйден біреу автобусқа шығатын болса, онымен бірге екінші адам аялдамаға ілесіп барып, резенке етіктерді қолтықтап үйге қайтады. Кешке де солай. Келімді-кетімді адамдарды резенке етікпен аялдамада тосып алу әдетке айналды. Кейбіреулер «Кешке киіп қайтамыз» деп аялдама маңында тығып кеткен етіктерінен айырылып қалып жатады. Мұның барлығы қазіргі қиын заманда шығын ғой!

Биыл барлығы болады!

Ресми хатпен жауап қатқан Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Раджан Сейтқанов биылғы жылы Молодежная және Звездная көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізіліп, қиыршық тас төгілетінін айтады.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 3 миллион 792 мың теңге қаржы бөлінді, – дейді шенеунік. – Осы бөлінген қаржының бір бөлігі ауыл ішіндегі жол жөндеу жұмыстарына қарастырылған. Инициативная көшесіне түсетін қара жолдың шетіндегі арық көздерін бітеп тастаған тұрғындармен жергілікті әкімдік пен жол-патрульдік полициясының қызметкерлері кездесу ұйымдастырып, түсінік жұмыстарын жүргізді. Ауылдық округ әкімі жергілікті тұрғындармен арықтарды тазалау мәселесі бойынша жиналыс өткізіп, жөндеу жұмыстарын жаз мезгіліне жоспарламақшы. Ал аталмыш көшелерден қоқыс шығару мәселесіне байланысты жақында «Күнім» ЖШС мамандары түсіндіру шараларын жүргізген еді, алайда адам басынан әр ай сайын 200, ал бір үйден 600 теңге қоқыс, күл шығару бағасына жергілікті тұрғындар келіспеді.

***

Аудан билігінің айтқанына сенсек, биылғы жылы Молодежная мен Звездная көшелерінің тұрғындары есіктерінің алдына тас төселіп, батпақтан құтылатын сыңайлы. «Енді көсегеміз көгеріп, бір марқаятын шығармыз» деген тұрғындардың тілектері орындалмай қалмаса игі. Десек те, қолға алынған жұмыс назардан тыс қалмайтын сыңайлы, өйткені қиыршық тасы төселетін қара жолдың қаражаты да межеленіп қойған. Тек сол қаражат қатты қадағаланып, қара жерге сіңіп кететін сапасыз жол салынып кетпесе болғаны. Жергілікті билік уәдесінің орындалуын күтеміз…

Азамат Темірбеков