Глубокое кентінде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 12 отбасыға жаңа үйдің кілттері табыс етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан орталығындағы Абай шағын ауданында «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасына сәйкес бой көтерген үйлерде бүгінде біршама шаңырақ тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі – көпбалалы және аз қамтылған отбасылар.
- Глубокое ауданында «Бір қабатты Шығыс» жобасы 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазірдің өзінде 44 бір қабатты үй немесе 88 пәтер салынды, Бүгін табысталған үйлердің құрылысы былтыр басталған. Ал қазіргі таңда ауданның ауылдық округтерінде тағы 24 үй салуға жеке құрылыс салушылармен офтейк-келісімшарттарға қол қойылды, - деді Глубокое ауданының ТҮКШ, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Эльдар Идрышев.
Аталған жоба аясында былтыр 20 үй салынды, оның жетеуі Белоусовка, Бобровка, Веселовка, Прапорщиково және Черемшанка ауылдық округтерінде. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл үй кезегінде тұрғандарға қажетті коммуникациялардың толық жиынтығымен заманауи тұрғын үй сатып алуға зор мүмкіндік берді. Бағдарлама шеңберінде үйлер офтейк-келісімшарттар бойынша жеке инвестициялар есебінен салынады, кейін жергілікті атқарушы органдар кезекте тұрғандар үшін сатып алады. Үйлердің әрқайсысы шаруашылық жүргізуге арналған аумағы 20 гектар жер учаскесімен жабдықталған.
- Бүгін кентімізде қуанышты күн. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы жақсы дамып келе жатыр. Салынып жатқан үйлердің сапасы бойынша аудан әкімі, аудандық мәслихат деутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен “Amanat” партиясының аудандық филилалы қатаң бақылау жүргізуде. Баспаналардың жайлы әрі жылы болуы баста назарда, - деді Глубокое аудандық мәслихатының төрағасы Алтай Қалиғожин.
Оның сөзінше, шағын аудан территориясын абаттандыру да қолға алынуда. Қазірдің өзінде көше жарығы орнатылып, ойын алаңы салынған. Ендігі кезекте көшеге асфальт төселетін болады.
Бүгін баспанаға ие болған 12 отбасының бесеуі – көпбалалы, ал қалған жетеуі – әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындар. Солардың бірі – 4 баланың анасы Әйгерім Намазбаева. Одан баспаналы болған сәттегі әсерімен бөлісуін сұрадық.
- 2015 жылдан бері үй кезегінде тұрған едік. Бүгін, міне, ақ түйенің қарны жарылған күн. Қуанышымызда шек жоқ. Мемлекет тарапынан да, жергілікті әкімдік тарапынан да көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау көрсетілуде. Сол үшін ризашылығымды білдіремін! Шаңырағымыздан береке кетпей, тек шаттыққа толуын тілеймін!, - деді үй иесі.
Қымбат МУХАМАДИЕВА