Будапешт қаласындағы әлемдік турнир мәресіне жеткен соң халықаралық дзюдо федерациясы жаңартылған рейтинг ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір 66 келінің көш бастап тұрған – италиялық Мануэль Ломбардо. Еншісінде 5392 ұпай бар. Екінші және үшінші орындарға Джоширо Маруяма (4950) мен Хифуми Абе (4530) жайғасқан, екеуі де жапон спортшылары. Осылай дзюдошылар есімі тізбектеле келе 10-шы орында тұрған Испания елінің үздігі Альберто Гайтероны айта кетейік. Соңғы сайыстарда жинақы өнер көрсетіп, кіл мықтылармен шеберлік байқасуға әзір екендігін байқатуда. Бұдан соң жерлесіміз Ерлан Серікжанов 11-ші сатыға тұрақтады. Бәлкім, жарақаты болмағанда ондықты үржарлық дзюдошы түйіндеген болар ма еді? Қазір 3135 ұпаймен оңтүстіккореялық Ан Баулдың алдына шыққан.
Ауыр салмақта (+100 келі) татамиге беттеген Ерасыл Қажыбаев 1151 ұпаймен 37-ші орнын сақтап қалды. Бұл салмақта чехиялық Лукаш Крпалек 6171 ұпаймен жеке дара көш бастап тұр.