Грант, шәкіртақы, қос диплом: Елімізде шетел университеттері не үшін ашылып жатыр

186
көрілім
фото сурет ашық дереккөзден

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда әлемнің үздік университеттерінің филиалын ашу бірінші кезекте отандық жоғары оқу орындарын трансформациялауға, жоғары білімнің сапасын көтеруге бағытталған. Сәйкесінше қазақстандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын нәтиже күтіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM ға сілтеме жасап.

«Елімізде шетелдік ЖОО-лардың филиалдарын ашудағы мақсат – қазақстандық жоғары білім нарығын жандандырып, университеттер арасындағы бәсекелестікті күшейту және жоғары білім сапасын арттыру. Қазақстанда жоғары білім саласын әлемдік деңгейге шығару жолында 2018 жылы жоғары оқу орындарына кеңейтілген дербестік берілді. Жоғары білім саласын үздік әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып дамыту жолындағы келесі маңызды қадам 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігін құру болды. Осы ретте жаңа министрлікте жоғары оқу орындарын интернационалдандыру міндеті жүктелген арнайы басқарма құрылды», - деп жауап берді Жанна Есінбаева агенттік жолдаған сауалға жауап бере отырып.

Оның айтуынша, сол міндеттің бірі елімізде үздік шетелдік университеттердің филиалдарын ашу.

«Филиалдарда бірінші кезекте еліміздің еңбек нарығындағы тапшы мамандықтар оқытылады. Мәселен, бизнес деректерінің сараптамасы, IT, AI, data science, космофизика, мұнай және газ технологиялары, биотехнология, электротехника және энергетика, мехатроника, қонақ үй-мейрамхана бизнесі, логистика, химиялық технологиялар, су шаруашылығы және мелиорация, өндірістік автоматтандыру және робототехника, аударма ісі тағы сол сияқты. Басқаша айтқанда, филиал ашыларда өңірлердің кадр мәселесіндегі нақты сұраныстарына басымдық беріледі», - дейді ол.

Филиалдардағы оқу бағдарламалары көп жағдайда шетелдік университеттердің оқу бағдарламалары негізінде дайындалатындықтан, студенттерді қабылдау талаптарын өздері белгілейді.

Филиалдарда оқитын студенттерге берілетін мемлекеттік оқу гранттарының саны мен тәртібі республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 2024 – 2025, 2025 – 2026, 2026 – 2027 оқу жылдарына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 18 наурыздағы №118 бұйрығы негізінде белгіленеді.

Осы жаз бойы министрліктің және шетелдік университет өкілдерінен құралған топ өңірлерді аралап, мектеп түлектеріне егжей-тегжей ақпарат таратқан.

«Еліміздегі шетелдік университеттердің филиалдарын тәмамдаған түлектерге қос диплом (бірі қазақстандық ЖОО-ның үлгісінде, екіншісі филиал ашқан шетелдік университеттің үлгісінде) беріледі. Дегенмен оқу бағдарламасының ерекшеліктеріне қарай кей жағдайларда екі университеттің ректорларының қолдары мен мөрлері басылған ортақ диплом беріледі. Диплом халықаралық деңгейдегі құжат болып саналады», - дейді Ж. Есінбаева.

Министрліктің мәліметінше, шетелдік ЖОО филиалына түскен грант иелеріне стипендия төленеді және шетелдік ЖОО филиалдарының дені қазақстандық ЖОО базасында ашылады.

«Жатақхана мәселесі қазақстандық ЖОО жатақханалары есебінен шешіледі. Кей жағдайларда лабораториялар шетелдік серіктес есебінен құрылуда, мәселен, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті негізінде ашылған Лу Бань шеберханасы қытайлық серіктес тарапынан 8 млн юань құрайтын сомаға қажетті құрал-жабдықпен жабдықталып, кадрлары даярланды. Жоғарыда аталғандай, филиалдардың басым бөлігі қазақстандық ЖОО-ның негізінде құрылуда. Қарапайым тілмен айтқанда, филиалдар екі университеттің бірлесіп құруымен ашылады. Сондықтан, қазақстандық серіктестер филиалға қажетті ғимарат, өз университетінің кейбір техникалық мүмкіндіктерін ұсынады. Ал шетелдік университет, өз кезегінде, оқу бағдарламасын енгізіп, өз оқытушыларын алып келеді», - дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі.

Айта кетейік, еліміздегі шетел университетін тәмамдаған түлектер Қазақстанда жұмыс істеуге міндеттеледі.

Бұған дейін елімізде ашылып жатқан шетел университеті филиалдарында «Қазақ тілі» және «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту міндеттелетіні туралы хабарлаған едік.