Гүлмира Сағидуллина: «Індет кезінде онкологиялық науқастардың ем қабылдауы үзілген жоқ»

277
көрілім

Коронавирус пандемиясы етек алғаннан бері ШҚО Онкология және хирургия орталығының жұмыс режимі өзгерген. Онкологиялық дертке шалдыққандар арасында үздіксіз ем-дом қабылдайтындар бар болғандықтан бірден жаңаша форматқа ауысу оңай болмағаны анық. Алайда нақты жоспар құрып, жүйелі жұмыс істеген медициналық мекеме мамандары бар қиындықты оңай еңсерді. Бұл жайлы газет тілшісіне орталық директоры Гүлмира Сағидуллина айтып берді.

– Жаһанға жайылған жұқпалы дерт елімізге жеткенде бірден тиісті шараларды қабылдадық. Ең әуелі қатаң карантин жариялап, орталыққа бөгде адамдарға кіруге тыйым салынды. Осында жатқан науқастардың туған-туыстары мен жақындарына келуге рұқсат берілмей, алып келген заттары дезинфекцияланды. Біздің негізі мақсатымыз – онкологиялық ауруларға душар болғандардың кешенді ем қабылдауын тоқтатпау болды. Мысалы пациентке бірінші ота жасалып, сосын химия, сәуле терапиясы мен оңалту шаралары жүргізілуі мүмкін. Осының бәрі үзіліссіз жасалғаны дұрыс, – дейді Гүлмира Сағидуллина.

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына қарамастан биыл ем-дом қабылдаған науқастардың саны өткен жылғымен салыстырғанда азаймаған. Сондай-ақ пациенттер арасында вирус жұқтыру фактісі тіркелмес үшін медициналық мекеме қызметкерлеріне де тиісті жағдай жасалыпты.

– Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда қоғамдық көліктерге шектеу қойылғаны белгілі. Осы орайда біз барлық қызметкерлерді үйден тасымалдауды ұйымдастырдық. Орталығымыз дезинфекциялық құрылғылармен, жеке бас гигиеналық заттарымен толықтай қамтамасыз етілді. Дәрігерлер арнайы киіммен жұмыс істейтін болды, – дейді ШҚО Онкология және хирургия орталығының директоры.

Осы орайда «Карантин енгізілгеннен кейін онкологиялық дерттерге шалдыққандар қалай тексеріліп, қабылданды?» деген заңды сұрақ туындайды. Гүлмира Сағидуллина өз сөзінде онлайн-кеңес беру ұйымдастырылғанын айтты.

– Мысалы бұрын аудандардағы науқастар бізге жолдама алып тексеруден өтетін. Яғни, олар екі жақта сенделіп, көп уақытын жоғалтатын еді. Қазір пациент өзі тұрып жатқан жердегі онколог дәрігерге қаралған соң бейнеқоңырау арқылы осында хабарласады. Біздің мамандар барлық тексеру қорытындыларымен жіті танысып, қосымша сауалдар қойып барып шешім қабылдайды. Қажет болса, Өскемендегі орталыққа шақырады. Бекітілген стандарттарға сәйкес онкологиялық науқастың диагнозы анықталғаннан кейін 31 күн өтпей ем-дом қабылдай бастауы керек. Осындай онлайн кеңестің арқасында бұл процесті барынша жеделдеттік, – дейді ол.

Аталмыш орталық жыл сайын жаңа заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілуде. Мұндағы мамандар да шетелге барып, біліктіліктерін арттыруда.

– Амбулаториялық ем қабылдайтын науқастар да аз емес. Олар облыстың әр ауданында кездеседі. ТЖ жарияланған соң бұл пациенттер бізге келіп препараттарды ала алмайтын болғандықтан оларға 3 айдың дәрі-дәрмегін өзіміз жеткізіп бердік. Қаладағы науқастар да үздіксіз ем алуы үшін қабылдайтын препараттарын үйлеріне апардық. Яғни ешкім де назардан тыс қалмады. Бұдан бөлек, орталықта жатқандардың иммунитетін көтеру үшін 5 уақыт тамақтандырып, өз қаражатымызға қосымша кешкі ас береміз. Демеушілер де табылып, бізге азық-түлік жеткізуде, – дейді Гүлмира Сағидуллина.