Өткен 2020 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл болды. Биыл 2021 жыл екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына 80 жыл толды. КСРО бойынша 27 миллионнан астам адамның өмірін қиған бұл соғыс талай боздақты қыршыннан қиып, ананы жесір, баланы жетім етті. Қанды шайқастарға толы 1418 күн мен түн ешқашан ұмытылмайды. Осы жанкешті жойқынға КСРО халқымен бірге отанымыз, Қазақстан елі де жұдырықтай жұмыла қатысты.
Тарихта "тарихты тұлғалар жасайды" деген сөз бар. Осыған орай II Дүниежүзілік соғыста (әрі ДЖС) жеңіс тарихын жасаған, неміс басқыншыларына үлкен тойтарыс берген батыржерлесіміз, тарихи тұлға, әйгілі партизан, II ДЖС-тың даңқты жауынгері, Қазақстанның Халық қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, көзі тірісінде аты аңызға айналған, еліміздің қайталанбас ержүрек перзенті Қасым Қайсенов.
Осы мақаланы жазудағы мақсатым, қаһарман тұлға Қасым атамыздың туған өлкеміз, Тарбағатай жеріне келуі туралы. Бұл жайт біз үшін үлкен мақтаныш пен ерекше тарихи оқиға.
Қасым атамыз Тарбағатайға бірнеше мәрте келіп, біраз ауылдарда болған екен. Алғаш рет 1968 жылы Ақжар ауылында ардагер, әйгілі партизан Манап Шапатов атаның шаңырағында болды. Манап ата II ДЖС-тың батыс майданында, Беларуссия жеріндегі Гомель облысын азат етуге қатысқан партизан отрядының белді мүшесі болған. Манап атаның жолдасы Қанипа Дарабаева апамыз Қасым атамыздың жерлесі, бірге оқыған сыныптасы болыпты. Қаһарман Қасым атаның ардагер Манап атамыздың үйінде болғандығын бүгінде ауыл ақсақалдары аңыз етіп айтады.
1999 жыл. Ақжар ауылы. Қасым атамыздың парламент мәжілісі депуттатығына сайлауға түсуші Ұлықбек Есдәулет ағамызға облыстық сенімді өкіл болып келуі. Батыр ата ақын, аудандық сенімді өкіл Әрімбек Масаловтың шаңырағында.
Екінші рет Қасым ата 1991 жыл, халқымыздың батырлар оянған жылы Ақжар ауылында өткен үлкен мерейтой, Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойына арнайы қонақ болып келді. Мен ол кезде оқушы кезім, мерейтойға барған әке, шешем үйге, жаңа тойда Қасым Қайсеновты көрдік деп айтып келгені есімде. Ал үшінші рет батыр атамыз 1990 жылдардың бас және орта кезінде Тұғыл ауылына, ауылдың Қасым атаны көрген үлкендерінің айтуынша екі рет келген екен. Бірінші рет 1993 жылы жазда сол кезде өзен айлағы (пристань) басшысы болған Әубәкіров Дүйсен ағаның арнайы шақыруымен қонақ ретінде, екінші рет 1996 жылы белгілі ақын, журналист Асқар Егеубаев және т.б танымал адамдармен келіпті.
Бұдан кейін Қасым ата 1999 жылы Ақжар ауылына парламент мәжілісінің сайлауы кезінде, мәжіліс депутаттығына үміткер, белгілі ақын бүгінде Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамызға облыстық сенімді өкіл ретінде келген. Ауылымыздағы киелі қара шаңырақ, іргелі білім ордасы Абай атындағы орта мектебінде, Қасым атамен кездесу өткен екен.
Ал 2001 жылы шілдеде Ақсуат ауылында өткен Қаракерей Қабанбай батырдың 310 жылдық мерейтойына, батыр атамыз сыйлы қонақ ретінде келіп қатысты. Бұл менің мектепте мұғалім қызметін енді ғана бастаған, алғашқы қызмет жылым болатын. Қаракерей Қабанбай батырдың 310 жылдық мерейтойына арналған аудандық тарихи - танымдық конференцияға ұсынылған баяндамалар қабылдаудың ереже талабынан өтіп, осы тарихи үлкен жиынға қатыстым. Мәдениет үйінің сахнасы салтанатты түрде безендіріліп, көтеріңкі музыка ойнап, конференция басталған сәтте, аудан әкімі Түсіпхан Түсіпбеков бүгінгі біздің құрметті қонағымыз Қасым атамызға сөз берейік дегенде ақ самайлы, үлкен көзді, сом денелі кісінің мінбеге келіп, көпшілікпен амандаса келе Қабанбай батыр жайында дауыстап айтқан жалынды сөздері көрермен залын жаңғыртып жіберді. Залда отырған жүзден аса адам тым тырыс болып, барлығы батыр атаның ерекше келбеті мен бітім болмысына тамсанды. Бұл менің қаһарман Қасым Қайсеновты алғаш көруім болатын.
Қасым ата жеке хатшысы Еркін Нұразханмен
Нар тұлға, батыр атамыздың туған өлкемізге бірнеше рет келуімен бірге, ол кісінің жанында жеті жыл жүріп, жеке хатшысы болған, танымал суретші, журналист Еркін Нұразхан ағамыз, Тарбағатайдың Жетіарал ауылының тумасы. Бұл жайт та Қасым атамыздың Тарбағатаймен байланыста болуының бір парасы. Ақсуат ауылында өткен конференцияға Қасым атамызбен Еркін аға бірге келген. Жерлес публицист, суретші Еркін ағамызбен сөйлесіп Қасым ата туралы сұрағанда, ол кісі батыр атамыздың ерлік істерімен бірге ерекше қыры мен сырын айта келе Қасым атаның біздің туған өлкеміз Тарбағатай жері туралы ой, пікірін сөз етті. Қасым ата: Тарбағатай елі батырлар мен ақындарға бай жер, Тарбағатай дархан ел. Тарбағатай өнерпаз ел деп туған жеріміз туралы ыстық ықыласын айтқан екен.
Биыл 2021 жылы желтоқсанда Қасым атамыздың өмірден өткеніне он бес жыл толады. Алапат қан майданның қаһарманы, қайсар тұлға, тарихи тұлға Қасым Қайсеновты еске алып, оның еренерліктері туралы айтылғанда, менің ойыма Қасым атамыздың осылайша туған өлкемізге бірнеше рет келгені еске түседі. Бұл жайт біз үшін үлкен мақтаныш пен үлгі өнеге. Бұл оқиғалар біздің өлке тарихымыздың тың және өте тарих, ерекше қызықты беттері.
Қасым Қайсеновтың Ақсуат ауылына 2001 жылы шілдеде Қаракерей Қабанбай батырдың 310 жылдық мерейтойына келген кезі. Суретте Қасым атаның сол жағында екінші тұрған жеке хатшысы Еркін Нұразхан
Қабидолдин Қуаныш Тілеуханұлы
ШҚО. Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы. Абай атындағы орта мектебінің шебер педагог санатындағы тарих пәні мұғалімі, магистрант .
Пайданылған әдебиеттер мен деректер көзі:
1.Аңыз адам Қасым Қайсенов журналы. №9. 2015 ж2. Қ.Қабидолдин . Халық қаһарманы Қасым Қайсенов Ақжарда болған Облыстық Дидар газеті. 26 қаңтар 2019 ж
3 .Қ.Қабидолдин . Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің Ақжарға келуі Аудандық Тарбағатай газеті. 1 қаңтар 2019 ж.
4. Көктау нұры . Қасым Қайсеновтың 100 ж арналған Ұлан аудандық газеті №16 2018 ж
5. Қасым атамызды көрген , білген бірнеше куәгерлер әңгімелері .