Зайсандағы Кондюрин шекара заставасына Қасым Қайсеновтың есімі берілмек. Алдағы уақытта ҚР ҰҚК Шекара қызметі республикалық ономастика комиссиясына тиісті құжаттарды ұсыну шараларын жүргізетін болады.
Айта кетсек, бұдан бұрын Бақытбек Смағұл, Бейбіт Мамраев бастаған Мәжілістің бір топ депутаты Зайсандағы шекара заставасын «Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасы» деп атау мүмкiндiгiн қарастыруды ұсынған болатын. Депутаттардың айтуынша, бұл бастама елдiң шетінде, желдің өтiнде жүрiп, Тәуелсiздiгiмiздiң тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, қырағылық танытып жүрген сарбаздардың рухына рух қосары сөзсіз.
ҚР Премьер министрі Бақытжан Сағынтаев Зайсан шекара отрядының В.В. Кондюрин атындағы шекара заставасын Қасым Қайсеновтің құрметіне қайта атау туралы депутаттық сауалды қарағанын мәлім етті.
– Аталған ұсынысқа мүдделі мемлекеттік органдардың барлығы қолдау білдірді. Енді ҰҚК Шекара қызметі республикалық ономастика комиссиясына жолдау үшін қажетті құжаттардың жиынтығын әзірлеу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізетін болады. Нәтижесі туралы ҰҚК Шекара қызметі сіздерге қосымша хабарлайды, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ