«Халық қайда барады?» ШҚО-да құрылысы бірнеше жылға созылған спорт кешендері биыл да бітпейтін сияқты

248
көрілім
Фотосурет редакция мұрағатынан

Өңір көлемінде қыруар қаржы жұмсалса да, құрылысы аяқсыз қалған нысандар аз емес. Соңғы уақытта бұған Антикор өкілдері ден қойып, мониторингіні күшейтті. Жуықта облыс әкімдігінде өткен жиналыста аймақ басшысы Ермек Көшербаев аудан әкімдеріне сұрақты төтесінен қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Заң аясында ықпал етпекпіз»

Естеріңізде болса, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті басшысы Денис Шакенов брифингтердің бірінде құрылысы ұзаққа созылған нысандар тақырыбы кәдімгідей бас қатырып тұрғанын алға тартқан болатын. Сабыр суы сарқылған ауылдастар «сумаң етіп сусыған миллиондар» деп сан соғып отыр.

– Бұл бағытта миллиардтар жұмсалады. Қаржы жымқырылу қаупі жоғары. Салып бітіру мерзімі өтсе де, жұмыстың аяқталмауына сәйкес келісімшартты создырып жатыр. Бүгінде жұмысы сағызша созылған 12 нысан тізімде тұр. Жалпы құны – 150 млрд теңге. Олар ерекше мониторингіге алынды және жұмыс барысы уақтылы тексеріліп тұрады», – деген болатын Денис Шакенов.

Анықталғандай 2021 жылы іргетасы қаланып басталған спорт кешендерінің аяқталуына жауапты мердігерлер қаржы тұрғысынан қиындық көріп, кейбірі өз қотырын өздері қаси алмаған. Осы ретте мұндай бассыздыққа жол берілмеуін қадағалаушылар қарасы көбейді. Солардың бірі – қоғам белсенділері. Әйткенмен олар да жемқорлықтың иісі аңқыған тірліктің тағы созылатындығынан күмәнданады.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев жуықта осы сұрақты аудан әкімдеріне қойды.

– Халық қайда барады? Айтыңыздаршы. Биыл облыс бойынша 17 мыңдай адам ұлттық спорт түрлерімен айналысады деп айтылды. Бірақ спорт кешені бар аумақтар ғана қамтылған. Мұндай мәселені жасқанбай көтеру керек. Себебі, бұл ең әуелі халықтың ақшасы. Тиісінше, жұрт оның игілігін уақтылы көруі тиіс, – деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.

Жаңадан құрылған Үлкен Нарын ауданындағы жағдай туралы Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан жауап берді. Оның сөзінше, Үлкен Нарын ауылында «Қаратай» спорт кешені жұмыс істеп тұр.

«Бітетін түрі бар ма?»

Ал жаңа спорт кешенінің құрылысы бітпеді. «Бітетін түрі бар ма?» деген сауалға Үлкен Нарын ауданы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Байрахметов ақпарат ұсынды.

– Біздегі бассейн ғимараты сол күйі тұр. Бірнеше жыл болды, ешқандай жұмыс атқарылған жоқ, – деп қысқа қайырды ол.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаевтың сөзінше, Марқакөл, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Бозанбай және Таврия ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы өгізаяңға басқан. Бірақ соңғы екеуінің жарасы жеңіл көрінеді. Өкініштісі сол, осы бес нысандағы құрылысқа жауапты «QazConstructions» ЖШС-ға қарасты мердігер ұйым салық бойынша қарызға батып, шоттары бұғатталыпты. Қайта қалпына келтірілген соң Бозанбай мен Тавриядағы (Ұлан ауданына қарайды) нысандар қолданысқа берілмек. Облыс әкімі жұмыс басталатын уақытта осындай ырың-жырыңның жалғасуы құрылыс барысын тежейтінін жеткізді. Дидар Кеңесбаевтың мәліметінше, құрылысы төрт жылға жуық уақыт бұрын басталған Үлкен Нарын ауылындағы жүзу бассейні тек жыл соңына қарай қолданысқа берілуі мүмкін.

Еске сала кетейік, Үлкен Нарын ауылындағы жүзу бассейнінің құрылысына әу баста 487 млн теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Шенеуніктер келісімшарт аясында қосымша 10 келісім жасап, жоба құны 660 млн теңгеден асып жығылды. Дегенмен 2021 жылы салынып басталған нысан әлі сол күйі тұр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ