Бүгін Өскемендегі Оралхан Бокей мен Барнауыл қаласындағы Владимир Башунов атындағы мемориалдық кітапхана қызметкерлері арасында қашықтағы алғашқы рет кездесу өтті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД Мемлекет Басшылары Кеңесінің отырысында 2022 жылды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың бастамасымен әр өңірдің этнографиялық және материалдық емес мәдени мұрасын насихаттау мақсатында «Достықтың рухани көпірі» атты халықаралық кітапханалық акциясы басталды.
Барнауыл кітапханасының меңгерушісі Евгения Набока мұражай бұрышына қойылған В.Башуновтың қолжазбалары, кітаптары, жеке заттары және Башунов оқулары туралы айтты. Владимир Мефодиевич 10 жыр жинағының және балаларға арналған 3 кітаптың авторы. Өлеңдері Венгрияда, Болгарияда, Чехословакияда басылып, украин, алтай, қазақ тілдеріне аударылған. Башуновтың поэзиясы адам жан дүниесіне бағытталған.
- В.Башунов пен О.Бөкей екеуі де Алтай тауының баурайында туып-өскен. Оралхан Бөкей прозасының әрбір жолынан туған жерге деген махаббатының исі аңқып тұр. Ол көптеген повестер мен әңгімелердің, романдар мен пьесалардың авторы. Оның тамаша туындылары неміс, словак, болгар, ағылшын, венгр, араб, қытай, жапон тілдеріне, сондай-ақ ТМД халықтарының тілдеріне аударылған, - дейді Оралхан Бөкей атындағы кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.
Оның айтуынша, келесі онлайн кездесу осы жылдың 24-ақпанында Бурятия республикасының астанасы Улан-Удэ кітапханасымен өтетін болады. Тақырыбы – "Байырғы тілдердің онжылдығы және ақ Ай мерекесі". Бұл Сагаалган мерекесі ай күнтізбесі бойынша Бурятиядағы жаңа жылдың басталуын және көктемнің жақындауын білдіреді. Шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз мейрамын тойлау туралы тікелей эфирді наурыз айында өткізу жоспарланып отыр.
Шығыс Қазақстан кітапханашылары Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Молдова және Ресейдегі әріптестерімен жыл көлемінде онлайн кездеседі деп жоспарланған.
- Біз ұыйымдастырған кездесулеріміз шетелдегі әріптестерімізбен мәдениетаралық байланысын нығайтуға және бірлескен жобалардың жүзеге асуына үлкен серпін береді деп үміттенеміз, - дейді Жанат Жиенбекова.