Ғалымдар Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да бірнеше жобаны дамытуды көздеп отыр

1673
көрілім

Қазір аталған оқу орнында RnD форумы өтіп жатыр. Бірнеше қаладан делегаттар келген. Кәсіби мамандар білім ошағында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың ауыл шаруашылығы мен кәсіпке қалай әсер етіп жатқандығын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Университет ректоры Сәуле Рахметуллинаның сөзінше, RnD форумы алғаш рет қолға алынып отыр. Маңызды тұстардың бірі – Smart Engineering жобасын ауыл шаруашылығы үшін коммерциялау мүмкіндігі туды. Атап айтсақ, коммерциялау – ғылыми-техникалық зерттеулердің нәтижелері негізінде бизнес құру. Оған авторлардың өзі жиі қатысады. Процестің мәні – тұрақты қаржылық байланыстарды қалыптастыратын бизнесті құру.
– Бүгінгі шара кездейсоқ ұйымдастырылған жоқ. Енді жылда өткізіліп тұрады. RnD терминінің өзі мұндағы технологиялық стартапты дамытуға бағытталған. Негізінен ҚазҰТУ мен Қарағандыда, сондай-ақ біздің ШҚТУ-да бір бағытқа қойылып келеді. Бірқатар шетелдік меймандар келді. Олар көбінде біздің университет базасындағы тау-кен саласында құзыреттілік орталығын қалыптастыруға қызығушылық білдіріп отыр. Сонымен қатар металлургия бойынша қосарлы бағдарлама ашып жатырмыз. Бұл үшін Бранденбург техникалық университетімен тізе қостық, – деді Сәуле Жәдігерқызы.


Тұңғыш форум аясында бірнеше меморандумдарға қол қойылмақ. Оң нәтиже берген жобалар неміс ғалымдарына да түрлі ой салған. Айталық, Германия елшісінің тұрақты орынбасары Хольгар Коллей өндіріс бойынша білім ордасының жан-жақпен орнатқан тығыз байланысы бүгінде жемісін бере бастағанын алға тартты.


– Өскеменге бірінші келіп тұрмын. Айта кетерлік жайт, мұндағы оқытушылар студенттерді осы өңірге қажет мамандықтарға оқытып жатыр. Германия мен мұндағы білім ордасының әріптестігі жаңа жобалар үшін берік байланыстың бастауы. Себебі, өндіріс бойынша екі елде қойылған талап жоғары. Кадрларды даярлаудағы мұқияттылық сауда жағынан да оң нәтижесін бермек. Егер мұнда әзірленген шикізат Еуропада қажеттілікке ие болса, серіктестігіміз одан әрі бекімек, – деді ол.
Алматы ауыр машина жасау зауытының бас директоры Мақсат Қанатбаев студенттерді ертеректен ғылымға, өнеркәсіп саласына тарту сол ортаға әлдебір инновация енгізуге негіз екендігін айтты. Әлі нарыққа шыға қоймаған жаңа өнімдер ойлап табылуы мүмкін. Онымен қоса, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың бірнеше түлегі аталған зауытта жұмыс істеп жатыр.


– Осындай алаңда небір таланттар көзге түсіп, тәжірибелер жасап, ғылым мен кәсіп бойынша бастама білдіреді. Олар іс-тәжірибелерден өткенде тек үстіртін жұмыс істеп қана қоймай, алдағы уақытта біздің кәсіпорынның бір мүшесі атануға қадам жасайды. Дуальды оқу жүйесін дамыту деп жатырмыз. Егер университеттерде теорияны тереңдеп оқыса, кәсіпорындарда соларды іс жүзінде орындайды. Ол үшін алыс-жақыннан келген мамандар бүгін тәжірибе алмасып отырмыз, – деді бас директор.
Әділхан ЕСІМХАНОВ