Харам қасапханаға қарсылық білдірген Өскемен тұрғындарының талабы ескерілді

421
көрілім
Шартты фотосурет

Шошқа соятын цехты Арматура ықшамауданында салу жоспарланған болатын. Дегенмен жергілікті жұрт бірауыздан наразылық білдіріп, құзырлы мекеме өкілдері бұған басқа орын қарастырылып жатқандығын мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Айта кетейік, биыл сәуір айында өскемендіктер қала аумағында шошқа соятын цех құрылысына қарсы екендіктерін жеткізген еді. Қоғамдық тыңдауға келіп, қолға алынатын жұмыстың зияны мен керек еместігін алға тартты. Жиналған жұртқа кәсіпорында мал союға қатысты өндірістік қызмет түріне, суыту, қатыру, етті қаттауға басымдық берілетіні айтылды. Жақын маңдағы құрылыс 600 метр жерде орналасқан. Фермалар жеке жоба аясында салынбақ, Ұлан ауданында орын тепкен. Талпақ танау кәсібі табыс әкеледі десе де қуанған ешбірі жоқ.

Жоспарға сәйкес сағатына 240 бас шошқа союға арналған. Қауырт тірлік осы жылдың екінші жартыжылдығында басталады деп жоспарланып, 2024 жылдың I жартыжылдығында қолданысқа берілуі тиіс болған.

– Бұл жерде өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірген тұрғындарға алғыс айтқан жөн. Қайталап өткізілген қоғамдық тыңдау кезінде біршамасы пікірлерін ашық айтты. Дәл осы жер теліміне «құда түсіп» келіп отырғандар алдарына биік меже қойған. Сағатына 200-ден астам шошқа сойылса, бұл ел көлемінде ең ірі ет комбинаты болар еді. Сойылған ет тегіс экспортқа кетуі тиіс-тін, алайда жұртшылық мұны қолдаудан бас тартты. Бір есептен, кәсіпкерлер де тәуекелге барды. Себебі, өндіріс қалдықтары да өз алдына бір мәселеге айналары ғажап емес. Өз тарапымыздан бұл қадамды бастан-аяқ бағамдап шығуға тиіспіз. Біздегі бар мәліметке сәйкес тапсырыс берушінің өзі бұл құрылыстан бас тартты. Анығы сол, балама ретінде басқа жер телімін іздеп жатыр. Қазіргі уақытта Өскеменде шошқа сою цехы салынбайды, – деді ШҚО Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.

Осыған қатысты өзге де мәліметтер департаменттің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланады деді ол.