«Азаматтарға арналған үкімет» шығысқазақстандықтарға құжаттың жарамдылық мерзімінің аяқталуын күтпей-ақ жеке куәлікті ертерек ауыстыруға кеңес береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембуловтың айтуынша, ХҚКО-ға құжаттарының мерзімі өтіп кеткен клиенттер жиі жүгінеді. Ал ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз бір айдан астам жүруі 7 АЕК мөлшерінде айыппұлдың салынуына әкеп соғады.
- Жеке куәлікті тұрғылықты тіркеу орнына қарамастан кез келген ХҚКО-да ауыстыруға болады. Онда тек 0,2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет. Жаңа құжат 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Қалауыңыз бойынша қосымша ақы төлеп, куәлікті дайындау мерзімін бес жұмыс күніне дейін жеделдетуге болады, - деп нақтылап өтті филиал директоры.
Сондай-ақ жеке куәлік 16 жастан бастап беріледі. Алғашқы құжатты алу үшін жасөспірім ата-анасының бірімен ХҚКО-ға жүгінуі керек. Өтініш беру үшін туу туралы куәлік, төлқұжат (бар болса) және мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек тапсыру қажет.
Туу туралы куәлікте тегін немесе атын өзгерткен, некеге тұруға/бұзуға байланысты тегін өзгерткендер де бір ай ішінде құжатын жаңартуы тиіс.
Айта кетейік, өңір бойынша жыл басынан бері жеке басты куәландыратын 30 мыңнан астам құжат берілген.
Анықтама: Паспорт мерзімі өткен жағдайда айыппұл қарастырылмаған. Ол шетелге шығу үшін пайдаланылатын құжат. Төлқұжат алу үшін кез келген ХҚКО-ға жүгінуге болады. Мемлекеттік баж мөлшері – 8 АЕК.