ХҚКО мамандары жеке куәлікті ауыстыру мерзімін өткізіп алмауды ескертеді

371
көрілім

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы жеке куәліктер мен төлқұжаттардың мерзімін жиі тексеріп, уақыты таяса ауыстыру үшін ХҚКО-ға кезекті алдын ала броньдап қою керектігін ескертеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жеке басты куәландыратын құжаттар – жеке куәлік пен төлқұжат 10 жылға берілетіндіктен адамдар көбіне оның мерзіміне қарауды ұмытып кетеді. Тіпті мерзімі өтіп кеткен құжатпен жүре беретін, кейін «әттеген-ай» деп сан соғып қалатын жағдайлар да жоқ емес. Оған қоса, мұндай бейқамдыққа әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.

Айта кету керек, эпидемиологиялық жағдайға байланысты еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару үшін кезекті алдын ала броньдау тәртібі енгізілді. Сондықтан құжат мерзімін тексеріп, уақыты келсе ауыстыру үшін алдын ала қамданып, кезекті броньдап қойған жөн. Мемлекеттік қызметтердің дені электрондық портал арқылы ұсынылса да тек қағаз жүзінде берілетін қызметтерге де сұраныс жоғары. Сондықтан ХҚКО-ға кезекті броньдау қарқыны да үлкен. Осы ретте еске салайық, ХҚКО-ға кезекті броньдау қызметі тегін және ресми түрде egov.kz порталы, телеграм-бот EgovKzBot2.0 қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы ұсынылады.

Жеке басты куәландыратын құжатты мерзімі өтуіне, аты-жөнін өзгертуіне, құжаттың зақымдалуы мен жоғалуына байланысты қайта алу үшін еліміздің кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады, бұл орайда азаматтың қай жерде тұратыны және қай мекенжайда тіркелгені маңызды емес. Ал жеке куәлікті алғашқы рет алатын азаматтар, яғни 16 жасқа жаңа толып жатқан тұлғалар тіркелген тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға баруы тиіс.