Мемлекеттік мереке – ҚР Тұңғыш Президенті күніне байланысты 1 желтоқсан күні еліміздегі ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО жұмыс істемейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінгі таңда елімізде 334 Халыққа қызмет көрсету бөлімі, оның ішінде 32 мамандандырылған бөлім бар, онда азаматтар мемлекеттік қызметтердің 662 түрі бойынша жүгіне алады. Сондай-ақ азаматтар электрондық анықтамалар мен қызметтерді мереке күндеріне қарамастан egov.kz порталы, egovkzbot2.0 телеграм-боты, egov mobile қосымшасы арқылы онлайн түрде кез келген жерден рәсімдей алады.
- Қазақстандықтарды желтоқсан айында атап өтілетін мерекелерімен құттықтаймыз. Көпшілік демалыс және мереке күндеріне дейін барлық құжатын түгендеп-жинастыруға, қандай да бір анықтамасын жаңартып қалуға тырысады. ХҚКО-лар дүйсенбіден жұмаға дейін үзіліссіз сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейтінін еске саламын. Сенбі, жексенбі және мемлекеттік мереке күндері – демалыс, – деді Мемлекеттік корпорацияның қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Байрам Азизов.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары, сондай-ақ 16-17 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздік күніне байланысты жұмыс істемейді.