Хоккейді бұқаралық спорт түріне айналдыру керек - ШҚО әкімі

398
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев хоккей және өзге де қысқы спорт түрлерін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. 

Бұл туралы аймақ басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

- Облысымызда хоккей және өзге де қысқы спорт түрлерін дамытуымыз керек. Жалпы, алдымызда оларды бұқаралық спорт түріне айналдыру, балаларды барынша спортқа баулу және нағыз чемпиондарды тәрбиелеу міндеті тұр. Біздің өңір қазақстандық хоккейдің отаны ретінде танымал. Сондықтан "Торпедо" командасының одан әрі даму жолы мен балалар мектебіне арналған жаңа әдістемелік бағдарламаны әзірлеу қажет. Осы ойын түрімен айналысып, оны сүйетін жас спортшыларымыз үшін тиісті жерлерде хоккей модульдерін салу керек, - деді ол.

Ермек Көшербаев өз сөзінде хоккей халық үшін екендігін, яғни жанкүйерлерді спорт алаңдарына жинап, одан әрі дамуына қолдау көрсету қажеттігін айтты. 

- Басқа қысқы спорт түрлеріне келетін болсақ, онда арнайы бағдарлама мен іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. Басты назарды тау шаңғысы, фристайл, сноуборд, биатлонға аудару керек. Біздің бұған әлеуетіміз жетерлік, тамаша базалар мен беткейлер де бар. Атап айтқанда, Риддер қысқы спорт ойындарының даярлау орталығы бола алады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанның халықаралық жаттығу базасына айналуына барлық мүмкіндігі бар. 9-шы километрде өртенген базаны қалпына келтіру қажет. Өйткені бұл қала маңы болғандықтан, жас өскемендіктер үшін спортпен жаттығуға қолайлы орын, - деді облыс әкімі.