Виктор мен Лейла Храпуновтар Астанаға жауап алуға шақырылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агентігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— Ұлттық бюро Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласының бұрынғы әкімі В.В.Храпунов, Л.К.Храпунова, А.К.Ілиясов және басқаларға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу барысында Жемқорлыққа қарсы қызмет жоғарыда аталған тұлғалар мен олардың сыбайластарының заңға қайшы әрекет еткенін дәлелдейтін айғақтар тапты, — делінген хабарламада.
Жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауы бойынша, жиналған материалдар күдіктілердің ұйымдасқан қылмыстық топ құрып және оған жетекшілік ету, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану, мемлекеттік мүлік пен бюджет қаражатын жымқыру, пара алу, кейін оны заңдастырудағы заңға қайшы әрекеттерін анықтады. ҚР Қылмыстық-процессуалды кодексінің 208-бабы 1-тармағына сәйкес күдікті хабарлама арқылы жауап алуға шақырылады.
— Алайда, күдікті В.В.Храпунов, Л.К.Храпунова және А.К.Ілиясовтың Қазақстанда болмауына және елге келмеуіне байланысты Жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚПК 205-бабы 3-тармағына сүйене отырып, күдіктілердің жауап алуға шақырылғаны туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды, — деп атап өтті Ұлттық бюро.
— Күдіктілер В.В.Храпунов, Л.К.Храпунова және А.К.Ілиясов 2017 жылдың 17 қазаны сағат 15:00-ге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының әкімшілік ғимаратына келуі тиіс. Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Сейфуллин көшесі 37, Тергеу департаментінің басшысы – жедел тергеу тобының жетекшісі Сергей Николаевич Перов», — делінген хабарламада.
Тергеу амалдарына қатысу үшін күдікті өз еркімен қорғаушы шақыруға және қылмыстық істі жүргізетін органның қорғаушыны қатыстыруын қамтамасыз ету туралы өтініш беруге құқылы.
Егер қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері шақырмаса, онда қылмыстық істі жүргізетін орган оның қатысуын қамтамасыз етеді.
Белгіленген уақытта келуге кедергі келтірген себептер болған жағдайда, күдікті немесе оның мүддесін қорғайтын тұлға бұл туралы құқық қорғау органдарына алдын ала хабар беруі тиіс.
ҚР ҚПК 205-бабы 3-тармағына сәйкес, күдіктілер Виктор Храпунов пен Лейла Храпунова, сондай-ақ А.К.Ілиясовты шақыру туралы хабарландыру республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және олардың тұрып жатқан жері бойынша Швейцария БАҚ-да жарияланады.