Бұл туралы мәлімет «Жұлдыз» – «Новая жизнь» аудандық газетінің фейсбуктегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Олимпиада жүлдегерінің жеке бапкері - жерлесіміз!» деп басталады алғашқы сөйлем. Аудандық газет басшылығы бұл ақпараттың желі қолданушысы Тоты Атышева парақшасынан алынғанын алға тартты.
Өңір жұртының кейбірінің бұл жазбаны оқығанда таң қалғандары рас. Себебі, Башху Йондонперенлей, Денис Виеру, Хифуми Абе сынды мықтылардың ішінде жүлдеге ілініп, Жазғы Олимпиада ойындарында атой салған спортшыны баптау да жауапкершілігі мол жұмыс екені белгілі.
– Бұл күндері төрткүл дүние Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарына көз тікті. Қазақ елі де Франция астанасында сынға түсіп жатқан батыр ұл-қыздарына тілекші болып, жақсы жаңалық күтіп, тақым қысып отыр.
Алғашқы алтынды жеңіп алған Елдос Сметовтың ізін ала Қазақстан құрамасы дзюдодан Париж Олимпиадасында екінші жүлдені еншіледі. Ғұсман Қырғызбаев – Олимпиада ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды. 66 келі салмақта белдескен қазақстандық балуан үшінші орын үшін белдесуде сербиялық Страхинья Бунчичті жеңді, – делінген аудандық газеттің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Көкпектіліктер бұл жеңістің олар үшін орны ерекше екенін жеткізді. Мәлім болғандай, Ғұсман Қырғызбаевтың жеке жаттықтырушысы – Биғаш ауылының тумасы Ермек Насиев.
– Ауылдасым Yermek Nassievтің шәкірті Ғұсман Қырғызбаев қола жүлде иеленді. Бәріміз жанкүйер болдық. Ермек Қадырбекұлы Нәсиев отандық спорттың дамуына үлес қосып, бапкерлік қызмет атқарып жүргеніне біраз уақыт болып қалды. Ермектің әкесі Қадырбек Нәсиұлы - күрестен республикаға танымал бапкер. Ауылдың талай жігіттерін боз кілемге жетектеп әкеліп, спортқа баулыған еді. Қазір Ермек әке жолын қуып, өзі шәкірт тәрбиелеп жүр. Жүлде құтты болсын! Шәкірттерің биіктен көрінсін! – деді Тоты Атышева.
Оның ақпаратынша, Ермек Насиев қазақ спортына еңбегі сіңген беделді де білікті жаттықтырушы.
– Ермектің әкесі Қадырбек Насиевтың бапкерлік шеберлігі Көкпекті халқына жақсы таныс. Қадырбек Насиев талай чемпиондар шығарған білікті маман. Бүгінде ұлдары Ермек пен Елдар әке жолын жалғап жүр, – деді ол.