ИФЛА-2023: ғаламдық кәсіби диалог

396
көрілім

ИФЛА-2023: ғаламдық кәсіби диалог

Жуықта Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапхана кітапханашылары Роттердамда (Нидерланды) өткен IFLA-ның (International Federation of Library Associations and Institutions-Халықаралық кітапханалық ассоциациялар мен мекемелер федерациясы) 88-ші Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресіне қатыстық. Халыаралық жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 мыңнан аса делегат қатысты. Кітапханашылардың кәсіби диалогында біз өркениетті елдер кітапханаларының озық тәжірибелерін көріп, жұмыстың әдіс-тәсілдерімен таныстық. Әрқайсымыздың ғаламдық жиыннан алған әсеріміз ұшан-теңіз, сонымен бірге, біз өркениет пен жоғары мәдениеттің куәсі болдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда елдік мәселелерді талқылаумен бірге, «Озық мәдениеті бар ұлттың рухы әрдайым биік» деп халқымыздың мәдениетіне ерекше мән берді. Мәдениет ұғымы және оның қайталанбас ерекшелігі тіл, әдебиет, ғылым, білім, өнер, экономикалық құрылыс, шаруашылық жүргізу, тұрмыс, еңбек және өндіріс тағы басқа салалардың барлығынан көрініс алатыны белгілі.

Енді осы төңірегінде ой қозғасақ, біз осы іс-сапар барысында өркениетті елдер кітапханаларының Білім мен Мәдениеттің дамыған орталығына айналғанын көрдік. Париждің Жорж Помпиду атындағы мәдениет орталығы, Франсуа Миттеран атындағы Франция Ұлттық кітапханасы, Амстердам, Роттердам, Гаага көпшілік кітапханалары заманауи үлгідегі ғимараттары, жанға жайлы көпшілікке арналған алаңдары, оқырман толы оқу залдары, кинозал, музей, көгалды алаңдарда жайғасып кітап оқып отырған жастарымен таңқалдырды. Кітапханалардың «Ана мен балаға» арналған алаңдарында ата-аналар балаларын кішкентайынан кітапханаларға апарып өз ана тілінде кітап оқытады екен. Сол арқылы жас ұрпағын ана тілін білуге және құрметтеуге тәрбиелейді. Жастайынан туған жерін сүйіп, қадірлеу сияқты патриоттық сезімдерді баланың санасына сіңіріп өсіреді.

Сондықтан, біздің келешек жас ұрпағымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болсын десек өркениетті елдердің осындай жақсы үлгісін қабылдап, кітапханалардың тәжірибесіне кеңінен енгізуіміз керек.

Бұл ретте біздің Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың осындай әлемдік үрдістерден қалмай, жаңашыл бағытта жұмыс істеп жатқаны қуантады. Оралханның рухани шаңырағында ұлттық мәдениетімізді жас ұрпақтың жүрегіне жеткізудің жарқын мысалдары аз емес. Соның қатарында: "Тақия той» қолөнер байқауы, жас ұрпақтың жеті атасын білуіне арналған «Ата-тек» жобасы, «Тоғызқұмалақ» үйірмесі, ұлттық мазмұнға бай «Оюлар сөйлейді» көрмесі, цифрлық ұлттық киімдерді үлгілеуге үйрететін «IT-АРУ» жобасы. «Кел, сөйлесейік» қазақ тілі клубы өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін емін-еркін сөйлесуге үйретуде. Сонымен бірге, қазақ халқының әдеби және мәдени мұрасына айналған шығармаларды Bokey Mobail – кітапхана Сіздің телефоныңызда - деген қосымша арқылы қазақ тілінде тыңдап, танысуға болады. Ал, Bokey.kz – Оралхан Бөкейдің электронды кітапханасынан жазушының кітаптарын кітапханаға келмей-ақ онлайн оқу мүмкіндігі бар.

Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына орай «Ауыл хикаялары» атты республикалық тұңғыш әдеби байқау, балалар жазушысы Марат Қабанбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған байқау ұйымдастырылып, өткізілді. Оралхан Бөкей кітапханасында атқарылған осындай жұмыстардың маңызы өте зор. Өйткені, біздің әрбір істеген дүниеміздің астарында ұлттық мәдениетімізді ұрпақ санасына сіңіру міндеті бар.

Дүниежүзі кітапханашыларының конгресінен кейін бізді Қазақстан кітапханаларының жай-күйі алаңдатты..... Біз елімізден, біздің халқымыздан түрі де, ділі де бөлек заманауи дамыған қоғамды көрдік. Неге біздің елімізде өркениетті елдердегідей кітапханалар салынбайды, білім мен мәдениеттен неге қалыс қалып барамыз? - деген әттеген-ай ойларымыз да аз емес.

Еліміздің кітапханалары өркениетті елдер кітапханалары тәрізді ұлт мәдениетін, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, ана тілімізді, туған жерге тағзым ету, қадірлеу тәрізді қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіріп, өркендетуі тиіс. Бүгінгі кітапхана тек кітап оқитын орын емес, мәдениетті қоғам қалыптастыратын, білім мен тәрбие беретін рухани орда екенін естен шығармайық. Біз өзіміздің халқымыздың ұлттық ерекшелігін, ұлттық мәдениетін кітапхана ісінде де ескеруге тиіспіз.

Шекер Нұрғалымқызы,

Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкері