Осы жылдың 21-25 тамыз аралығында Роттердам қаласында (Нидерланд) өткен 88 - Бүкіләлемдік кітапханалық және ақпараттық конгреске (IFLA-2023) ШҚО Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана атынан қатысып қайттым. Конгресті Ahoy мәжіліс-орталығында Нидерланд ханшайымы Лорентин алғы сөзімен ашты. Білім, ғылым және мәдениет министрі Робберт Дейкграаф және мемлекеттік хатшы Гюнай Услу кітапхана қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, жылы лебіздерін білдірді.
«Келіңіздер, кітапханада ынтымақтаса жұмыс істейік!» тақырыбы аясында өткен жүздеген секцияларға 130-дан астам елдің үш мыңнан аса өкілі қатысып, кітапхана ісіне және баспаларға қатысты заманауи өзекті мәселелер мен тақырыптар қозғалды. Атап айтқанда, кітапханалардың инклюзия қоғамына қосатын үлесі, мәдени мұраны қорғау, жасанды интеллект, авторлық құқық, тұрақты даму, кітап оқуға тарту, сандық біліктілікті арттыру.
Сонымен бірге, әріптестеріміздің оқырмандарға қызмет көрсету барысында қолданылатын іс-тәжірибелерін көруге де мүмкіндік алдық. Бір сөзбен айтқанда жоғары деңгейлі кәсіби ортада көп нәрсеге үйренуге болатынына көзіміз жетті.
Шетел кітапханаларының халыққа қызмет көрсету түрлерінің жоғары деңгейде дамып кеткеніне куә болдық. Сөйтіп, өз қызметімізде қандай бағытта алға жылжу керек деген сұраққа жауап алғандай болдық. Өйткені, біздің қоғамда адамдарды кітап оқуға тарту оңай емес екені әркімге аян.
Шетелде адамдардың кітапханаға келуіне және кітап оқуларына барлық жағдайды жасап, сан түрлі әдістерді пайдаланады екен. Мәселен, қалаған адам кітапханаға жай ғана демалу, немесе кофе ішу үшін келеді де, кітапты көріп, оқуға деген қызығушылығы оянады. Немесе, кітап мұражайларын тамашалауға келеді де, әлбетте, қолына кітап алады.
Кітапханаларында кітап оқыған, компьютерде отырған, арнайы орында музыка тыңдаған адамдардың да қарасы көп. Немесе толыққанды жабдықталған бөлменің ортасында белгілі бір жазушы, ақын, суретші, музыкант т.б жайлы қызықты деректер оқып отырады. Көркем фильм тамашалаған адамдарды да көруге болады. Тіпті, 6-7 жастағы баланың құлаққап тағып, ескі пластинкадан музыка тыңдап отырғанын көргенде еріксіз сүйсінеді екенсің.
Бір кереметі, зәулім кітапханаларда бірге отырған жүздеген адамдар бір біріне еш кедергі жасамайды. Бұл жайлылықтың себебі - ғимарат кең, әртүрлі аймақтарға бөлінген және заманауи технологиялармен жабдықталған. Балалар кітапханаларында жаңашыл технология түрлері мен компьютерлер ыңғайлы және жайлы болуы үшін балаларға арналған арнайы жиһаздарға қойылған.
Бір байқағаным, тілі шыға бастаған бүлдіршіндерден бастап кішкентай оқырмандарға дейін дауыстап оқу үрдісі қалыптасқан. Мектеп табалдырығын аттамаған балаларды кітапханаға тарту тәжірибесі жақсы іске асырылған. Әрине бұл жерде ата-аналардың да ролі өте зор. Соған қарағанда кітапқұмар ұлтты тәрбиелеудің басты тәсілі осы болар деген ойға қаласын.
Біз қаржы тапшылығының салдарынан қаншама жылдан бері «Мобильдік кітапхана» жобасын іске асыра алмай келеміз. Бұл тиімді жобаны Тайвань елінен келген әріптестеріміз жүзеге асырған екен. Біздің көздеген жоспарымыздан айырмашылығы, олардың университет кітапханасы шалғай ауылдарға жылжымалы кітапхананың көмегімен өз қызметін ұсынуда көрінеді. Тағы бір маңызды мәселелердің бірі - мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кітапханалар ғимараттарының табалдырығынан бастап төріне дейін бүкіл жағдай жасалған және жаңа технологиямен толық қамтылған.
Біз үшін тағы бір тың тақырып - кітапханалық туризм саласы шетелдік кітапханалардың деңгейін айқындап тұрғандай. Яғни, туристік нысан саналатын кітапханалар көне тарихы, ерекше ғимараты, дизайны және жаңа технологиясымен ерекшеленеді. Бұл шетелдерде кітапханаларға мемлекеттік деңгейде айырықша көңіл бөлетінінің басты көрінісі.
Ал біздің елімізде билік пен үкімет басындағылардың кітапханаларды тек «кітап оқитын орын» деп қарауы көңілге кірбің түсіреді...
Қазіргі уақытта әлемді алаңдатып отырған экология және қоршаған ортаны қорғау мәселесі да шетел кітапханаларының басты міндеттерінің біріне айналғаны көрініп тұр. Әріптестеріміздің экология бағытындағы тәжірибелерімен танысып және өзіміздің жұмысымызбен салыстыра отырып, «менде өз тәжірибемізбен неге бөліспеске» деген ойға келдім.
Әрине, біз де кітапханаларымызда жаңа жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру және заманауи технологияларды енгізу арқылы жастардың жан-жақты білім алуына жағдай жасаудамыз. Осы мақсатта қолға алынған жаңашыл жобаларымыздың бірі Оралхан Бөкей атындағы №2 кітапхана бөлімшесінде сәтті жүзеге асырылып жатқан "Жасыл Үйі» эко-орталығы». Эко-орталықты құрудағы мақсатымыз: қала тұрғындарын экологиялық мәдениетке тәрбиелеу және жаңа технологияны пайдалануды үйрету арқылы балаларға экологиялық білім беріп, олардың осы бағыттағы өзекті мәселелерге назар аударуына ықпал ету. Бұл ауқымды жобаны іске асырудағы басты кеңесшіміз ғалым - орнитолог, биология ғылымының кандидаты, жазушы-өлкетанушы Борис Васильевич Щербаков. Саналы ғұмырын табиғатты, экологияны және құстарды қорғап, зерттеуге арнаған Б.Щербаковтың өмірлік жолы жастарға өнеге, шығармалары рухани азық болары сөзсіз.
Сонымен, неге экология бағытын таңдадық?
Басты себеп - Өскемен қаласы экологиялық ахуалы нашар қалалардың бірі. Тағы бір себебі, біздің аймақ таңғажайып табиғатымен танымал екені белгілі. Өкініштісі, сол табиғатты тамашалауға шыққан жұртшылық барған жерлерін қоқыс алаңы етіп кетуді әдетке айналдыруда. Күнделікті тұрмыста баршамыз қолданып, көрінген жерге лақтырып тастайтын пластик шөлмектер, полиэтилен дорбалар т.б. табиғатқа орасан зиян келтіруде. Көптеген аң, құс, өсімдік түрлері құрып кету қаупі де жоқ емес. Бұның барлығы экологиялық сауаттылықтың, мәдениеттің болмауынан деп білеміз.
Міне, осындай өзекті мәселелерді бағыт етіп ұстанған біздің эко-орталық мектепке дейінгі және орта, жоғарғы оқу орындарына қосымша білім беру ордасы ретінде көмекке келуде. Эко-орталықта жаңа технологияның көмегімен конференциялар, семинарлар, эко-сабақтар және эко-сағаттарды жүйелі түрде өткіземіз. Осылайша, қоқыс қалдықтарының табиғатқа тигізер зардабын түсіндіріп, қоқыс қалдықтарын сұрыптауды іс жүзінде көрсету арқылы жұртшылық санасына сіңірудеміз.
Табиғат аясында серуендеу мәдениеті және қоршаған ортаны қорғау мақсатында тыйым салынған белгілер бойынша бүлдіршіндерге экологиялық сабақтар ұйымдастырып тұрамыз.
Жабдықталған сандық эко-зертханада химия, биология мамандықтары бойынша жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан студент еріктілер (волонтерлер) жұмыс істейді. «Samruk–Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен алынған арнайы құрылғыларды пайдалану арқылы студенттер жас ғалымдардың жетекшілігімен түрлі тәжірибелік жұмыстар (судың, ауаның, топырақтың құрамын зерттеу т.б) жасауда.
Балаларға күнделікті өмірде суды, электр қуатын үнемдеу арқылы коммуналдық төлемдерді азайту жолдары түсіндіріліп, осы бағыттағы тиімді жолдар көрсетіледі. Табиғатты аялау бағытында гидропоника әдісін пайдалану арқылы қаланы көгалдандыру жобасына қатыстырамыз. Өсімдік түрлерімен таныстырып, өз қолдарымен отырғызуды үйрету және оның өсу үрдісін өздеріне бақылату арқылы табиғатты аялауға баулимыз.
Сондай-ақ, балалар кітапхана шеберханасындағы шеберлік сабақтарына қатысып, өз қолдарымен құстардың ұясын және 3D принтердің көмегімен жем салатын құралдар дайындайды. Қала үйлерінің аулаларына апарып орнатып, олардың тіршілігін бақылау, қоректендіру арқылы балалардың құстарға деген қамқоршылық сезімін оятамыз.
Жастар эко-мультстудияда өздері оқыған кітаптарының желісімен, немесе өз қиялдарымен жазған сценарий бойынша мультфильмдер түсіруді де үйретеміз. Яғни, бала сценарий авторы, қоюшы режиссер, дыбыстаушы бола отырып, ермексаздан (пластили) және қағаздан өзі жасаған кейіпкерлеріне жан бітіреді. Бұл мультфильмдерді «Жасыл Үйдің» жеке сайтында ел назарына ұсынамыз.
«Жасыл Үйге» келушілер VR көзілдіріктің көмегі арқылы Оралхан Бөкей кітапханасының мамандары жасаған танымдық локациялармен танысып, табиғат аясында қашықтан серуендей алады.
Жоба аясында атқарылған тағы бір ауқымды жұмысымыз - елімізде баламасы жоқ «ШҚО Қызыл кітабының» электрондық нұсқасын жасадық. Бұл бірегей жобамызды «jasylui.kz» сайтында жұртшылыққа қолжетімді түрде ұсындық. Дәстүрлі «Қызыл кітаптан» айырмашылығы, біздің «ШҚО Қызыл кітабы» танымдық ақпараттармен бірге аудио, видео көріністермен де толықтырылған.
Қашықтағы пайдаланушыларымыз «jasylui.kz» сайты және әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы эко-сабақтар, эко-сағаттар және эко-зертхана зерттеулеріне қатысу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар «jasylui.kz» сайтында «Б.Щербаковтың жүріп өткен соқпақтары» парақшасы QR-кодымен бердік. Бұл арқылы орнитолог-ғалымның Шығыс аймағы бойынша жасаған ғылыми-зерттеу экспедицияларымен танысып, өлкеміз туралы құнды мағлұматтар алуға болады.
Бұл экологиялық жобамызды жүзеге асыру арқылы туған жеріміздің экологиясын қорғауға тамшыдай болса да үлесімізді қосамыз деп үміттенеміз.
Өскемен қаласы әкімдігінің «О.Бөкей атындағы ОКЖ» КММ директорының орынбасары Ахметжанова Айгүл Қанапияқызы.