Семей қаласының бір топ зиялы қауым өкілдері Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының атына көше беру туралы бастама көтерді. Сондай-ақ қоғам өкілдері Өскемен қаласы әкімдігіне Орджоникидзе көшесінің атын өзгерту жайлы ұсыныс жасады.
Семейде Құнанбай Өскенбайұлының атына көше беру туралы бастаманы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің баспасөз қызметі фейсбуктегі парақшаларында жариялады.
– Қазақтың алыбы да, асқары да – Абай, ұлы ақынның асыл мұрасы да адамзатқа ортақ. 2020 жылы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, ұлы ақын музейінің құрылғанына 80 жыл толады. Бұл мерейтой - республика жұртшылығы үшін айтулы оқиға. Абай, Шәкәрім, Мұхтар, сондай-ақ күллі Алаш арыстарының мол мұрасын ертеңге жеткізу - тек Абай қарашаңырағы қызметкерлерінің ғана емес, барша ел игілігін ойлаған азаматтардың парызы, – делінген хабарламада.
Айта кету керек, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бастамасымен үстіміздегі жылдың 16 қазанында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке республикаға еңбегі сіңген бір топ қайраткерлер мен абайтанушылар атынан Құнанбай Өскенбайұлына көше беру туралы хат жолданған.
Сонымен қатар «Алтай Асуы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан жазушылар одағының облыстық филилалы және халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қоры Өскемен қаласының әкіміне Орджоникидзе көшесінің атын өзгерту жайлы ұсыныс жіберді. Әзірге сол көшенің жаңа атауы жайлы нақты ақпарат жоқ.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ