Инфекционист Нәзигүл Сапарғалиева: «Коронавирусқа шалдыққан әр науқас сырқат деңгейіне қарай емделеді»

422
көрілім

Төрткүл дүниеге тарап жатқан тәжкеселге әлі күнге дейін тосқауыл қойылмай тұр. Керісінше, күн өткен сайын коронавирус жұқтырғандар саны азайған орнына көбейіп барады. Бұған кей жандардың маска кимей, қарапайым гигиена шараларын ұстанбай, керек десеңіз індетке сенбей немқұрайлық танытып жүруі себеп болуда. Жуықта газет тілшісі Шығыс Қазақстан облысының бас инфекционист дәрігері Нәзигүл Сапарғалиевамен сұхбаттасып, қауіпті дерт жайлы көптеген сауалдарға жауап алып қайтқан еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Коронавирус жұқтырған адамдар қандай тәсілдермен емделуде?

- СOVID-19 жылдам тарайтын, аса қауіпті инфекция. Ол ауа-тамшы жолымен, яғни түшкіргенде, жөтелгенде, вирусы бар затты ұстағанда жұғады. Бұл дертке шалдыққандарды әлемдік тәжірибеге негізделген хаттамаға сәйкес емдейміз. Уақыт өткен сайын жаңа деректер бойынша хаттамаға өзгерістер енгізіліп отырады. Науқастар коронавирусты жеңіл формада немесе еш симптомсыз өткеруі мүмкін. Ал кейбіреулер ауыр халге түсіп жатады. Егер пациентте ешқандай симптом байқалмаса оған дәрі-дәрмек берілмей, үй карантиніне жатқызылып, тек бақылау жүргізіледі. Ең әуелі 10 күн бойы қандай да бір симптомның байқалу-байқалмауын бақылаймыз. Осы уақыт ішінде бәрі жақсы болса одан қайтадан індетке сынама алынады. Егер вирустан жазылып кетсе онда қалыпты өмірге көшеді, ал әлі де инфекция бар болса бақылау тағы 4 күнге ұзартылады. Демек әр науқасты 2 апта қадағалаймыз. Төрт күннен соң ауру белгілері анықталмаса пациенттен карантинді алып тастаймыз.

Ал жеңіл формада ауырғандарға арнайы препараттар берілмей, симптомға байланысты ем-дом тағайындалады. Нақты айтсақ, тамағы жыбырласа шайып, ыстығы көтерілсе парацетамол ішкіземіз. Әр адамда әртүрлі температура байқалады. Бұл науқастың жасына, иммунитетіне тікелей байланысты. Бірақ өз тәжірибемде дене қызуы 40 градустан асқандарды кездестірмедім.

- Науқастарда бұдан басқа қандай симптомдар болуы мүмкін?

- Бұдан бөлек, кеудеде қысым байқалып, ауа жетіспеуі мүмкін. Иіс, дем сезу қабілетінің жоғалуы да ғажап емес. Кейбір коронавирус жұқтырғандардың іші ауырып жатады. Орташа деңгейдегі науқастар көп жағдайда пневмониямен ауырады. Олар арнайы стационарға жатқызылады. Мұндай пациенттерге тиісті тексеру жүргізіліп, компьютерлік томография жасалады. Содан кейін вирусқа қарсы дәрі-дәрмек тағайындаймыз. Бүгінгі күні хаттамада рұқсат берілген осындай препараттар – лопинавир, ритонавир. Ал ауыр халге түскендерге дезинтоксикациялы терапия жүргізіледі. Қорыта айтсақ, дертке шалдыққан әр науқасты жағдайына қарай емдейміз.

- Шығыс Қазақстанда вирус жұқтырғандардың көбісі ауруды қалай өткеруде?

- Өңірімізде барлық категориядағы пациенттер бар. Күн өткен сайын ешқандай симптомсыз ауыратындар саны өсіп келеді. Негізінен осындай науқастар вирустың одан сайын таралуына себепкер.

- Облыстағы ең жас және ең егде тартқан науқастар жайлы айтып өтсеңіз.

- Негізінен бізде коронавирусқа шалдыққандардың жас ерекшеліктеріне орай статистика жүргізілмейді. Десе де өзім ұшырасқандар туралы айтайын. Жасы ең үлкені – 82-дегі зейнеткер болды. Қарт кісі аймақтағы ең бірінші дерт жұқтырғандардың бірі. Бүгінде науқас толықтай емделген. Ал ең жасы – 1 айлық нәресте. Ол ыстығы көтеріліп ауруханаға жеткізілген-тұғын. Бекітілген алгоритмге сәйкес стационарға түскендерге СOVID-19-ға сынама алынады. Өкінішке қарай, оның нәтижесі оң болып шыққан. Қазір сәбидің ыстығы түсті, бірақ әзірге ауруханадан шығарылған жоқ.

- Коронавирус жұқтырмаудың амалдары қандай?

- Жаңа айқанымдай, індет ауа арқылы тарайтындықтан далаға шыққанда үнемі маска тағып, қолғап киіп, әлеуметтік қашықтықты ұстанған жөн. Үйге немесе жұмысқа келгенде міндетті түрде қолды сабынмен жуып, жеке-бас гигиена шараларын қатаң сақтау қажет. Жуылмаған қолмен бетіңізді ұстамаңыз. Бұл туралы сан мәрте айтылып та жатыр. Вирустан қорғанудың негізгі жолдары осы.

- Егер бір адамда вирус анықталса, оның отбасы мүшелері де түгелдей дертке шалдыға ма?

- СOVID-19 жұқтырған науқаспен байланыста болғандардың барлығы міндетті түрде түгелдей тексеруден өтеді. Көп жағдайда пациенттің отбасы мүшелерінен де вирус табылады. Алайда жақын байланыста болғандардың барлығы коронавирус жұқтырды деп бірден шешім қабылдай алмаймыз. Жұмыс алгоритміне сәйкес олардан сынама алынады. Кей жағдайда дерт жұқтырмағандар да болуы мүмкін. Өз тәжірибем бойынша айтар болсам, науқастың отбасы мүшелерінен жоқ дегенде 1-2 адамнан вирус анықталады.

- СOVID-19 инфекциясының тұмаудан айырмашылығы қандай?

- Негізінен коронавирусты жедел респираторлы вирусты инфекциялар қатарына жатқызуға болады. Оның белгілері тұмауға өте ұқсас. Сондықтан екеуін ажырату оңай шаруа емес. Тұмауратқандар уақыт өткен сайын жазыла түссе, жұқпалы дертке шалдыққандардың жағдайы керісінше қиындай беруі мүмкін. Осы орайда біз мұрын бітеліп, жиі түшкіріп, әлсіздік байқалған адамдарды провизорлық госпитальге жатқызып, СOVID-19-ға сынама аламыз.

- Бүгінгі таңда ШҚО-да коронавирус жұқтырғандарды жатқызатын төсек-орын жеткілікті ме?

- Дәл қазіргі уақытта жеткілікті. Қажет болған жағдайда Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қосымша стационарлар ашуға дайын. Бұған дейін де вирусқа шалдыққандар көбейе бастағанда төсек-орындар саны арттырылған болатын.

- Өңірімізде жұқпалы індетке әлі күнге дейін сенбейтіндер бар. Осындай жандарға не айтар едіңіз?

- Әлемді әбігерге салған СOVID-19 басында елімізге жетпесе екен деп тіледік. Вирус ең әуелі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында анықталды. Содан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде де дертке шалдыққандар шыға бастады. Қазір вирус Шығыс Қазақстанның негізгі екі қаласынан бөлек шалғайда жатқан елді мекендерге де жеткен. Ақ халаттылар күн демей, түн демей еңбек етудеміз. Айналада болып жатқан дүрбелеңге қарасаңыз да індеттің бар екеніне күмәндануға еш негіз жоқ. Жер-жаһандағы қаншама мемлекеттер қауіпті дертпен жұмыла күресуде. Алайда өкінішке қарай, коронавирусқа сенбей, немқұрайлық танытып жүргендер әлі де бар. Ондайлардың ауырмай, аман-жүрулерін тілеймін. Сол үшін сенбегеннің өзінде сақтық шараларын қаперде ұстау керек.