Жайдары жаз шыға салысымен жұрттың көбі табиғат аясына барып, тынығып қайтуды ойлайды. Олардың арасында демалудан бөлек, қысқа қамданғанды мақсат ететіндер де бар. Бұл – саңырауқұлақ, жаңғақ, гүлдер тұқымын немесе дәрілік шөптер жинау болуы мүмкін. Алайда кейбіреулер өсімдік теруде заң бойынша белгілі бір деңгейде шектеу қойылғандығын біле бермейді. Бұқара.кз сайтының тілшісі осы тұрғыда ақпарат жинастырып көрген болатын.
Рұқсат етілген аумақтар
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысының ормандары бақылауға алынған. Оның біраз бөлігі орман шаруашылығына жатқызылады. Бұл аумақтарда кез келген адам ешқандай құжаттарды жинамай-ақ саңырауқұлақ пен жидек тере алады. Ал Катонқарағай мен Тарбағатай Мемлекеттік Ұлттық табиғи парктерінде, Құлынжон, Тарбағатай, Қаратал құмы, Кіші Тұрғысын табиғи қорықтарында және «Әлет» мемлекеттік ботаникалық қаумалында мұндай еркіндік жоқ. Ол жақтарға бару үшін арнайы рұқсат алу қажет. Тіпті рұқсат алып кірсеңіз де әкімшіліктің өзі белгілеген жерлерінде ғана тере аласыз.
Өңіріміздегі қорғалатын аумақтарда жиым-терімге мүлде тыйым салынған. Бұған Алтай ботаникалық бағы, Батыс Алтай және Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы, Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының біраз бөлігі жатады.
Артық терсең – айыппұл салынады
Жерді айттық. Енді қандай мөлшерде теруге болатындығына көшелік. Бір сапарға аттанған адам 25 келі саңырауқұлақ, 10 келі қарағай жаңғағын, 10 келі шекілдеуікті және сүйекті жеміс дақылдарын (долана, бүрген, шетен, мойыл), 15 келі басқа жидектерді (құлпынай, таңқурай, қарақат, қаражидек және т.б.) тере алады. Егер сіз бұдан артық жинасаңыз инспекторлар осы мөлшерден асқан әр келі үшін айыппұл жазады: жидектерге – 0,3 АЕК, саңырауқұлақтарға – 0,2 АЕК.
Бірақ бұл шектеулерді алып тастауға мүмкіндік бар. Ол үшін өзіңіз таңдаған орман шаруашылығымен байланысқа шығып, билет сатып аласыз.
Дәрілік шөптерге келер болсақ, бадананы орманнан 10 келіге дейін жинап алып кете аласыз, балдырғанды – 5, жебірді – 3, балқұрай, қызылмия мен көкшегүлді – 2 келіден теруге болады.
Ағаш қабығын алуда шектеу жоқ, рұқсат қағазы да қажет емес. Сабанғышты орман учаскелеріндегі кесілген немесе қураған ағаштардың бұтақтарынан ғана жасай аласыз. Сондай-ақ бұл үшін ақша төлеуге тура келеді:100 келіден астам қайың бүріне – 0,032 АЕК, ағаш қабығының 100 келісіне – 0,016 АЕК.
Қандай жаза қарастырылған?
Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктердің түрлерін тергендер заң алдында жауап береді. Инспекторлар бұндай әрекетке барғандарды Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 339-бабымен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтiн жерлерін жою) жазаға тартады. Салынатын айыппұл мөлшері үш мың АЕК-ке дейін жетеді (7 575 000 теңге).
Қайыңды немесе басқа да бұтақтарды кесу Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 340-бабымен (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау)
реттеледі. Айыппұл мөлшері 120 АЕК-ке дейін (303 000 теңге). Төлемақысыз ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кірсеңіз екі АЕК (5050 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындалады.
Өрт сөндіру ережесін бұзғандарға да жаза қарастырылған. Жаз мезгілінде тіпті бір шырының өзі үлкен зиян келтіреді. Сондықтан қылқан жапырақты жас ағаштарда, күйген орман ағаштарында, зақымдалған орман аумақтарында, ағаш кесетін жерлерде от жағуға болмайды. Тек ені кемінде төрт метрден аспайтын минералды жолақпен жиектелген жерлерде рұқсат етілген.
Хаттама толтырылады
Мемлекеттік орман қорын – орманшы, ал ерекше қорғалатын табиғи аумақты – мемлекеттік инспектор қадағалайды. Оларды үстеріндегі арнайы киім үлгілерінен танисыз. Қызметшілер сізден сапарыңыздың мақсаты және орманда не жинағаныңыз туралы сұрауға құқылы. Бірақ алдымен олар өздерін таныстырып, жеке куәліктерін көрсетуі керек. Егер қандай да бір заңбұзушылық анықталса, инспектор сізді ұстай алады. Бұл жағдайда ол хаттама толтыруы қажет.
Заң бойынша ормандағы айыппұлдарды қолма-қол төлемейсіз. Құқықбұзушылық анықталған кезде инспектор хаттама толтырып, айыппұл түбіртегін беруге міндетті.
Айта кету керек, орман айыппұлдары жол ережелеріндегідей, егер жеті күн ішінде төлесеңіз 50 пайыздық жеңілдік жасалады.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ