Инсульт орталығы ашылады

685
көрілім

Биыл Аягөзде Қазақстандағы алғашқы компьютерлік томографы бар аудандық инсульт орталығы ашылады. Сондай-ақ, аудандық аурухана аймақтық перинаталды көмек көрсетудің ІІІ дейгейіне өтпек. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 1 миллиардтан астам теңге бөлінген.

Шығыс Қазақстан тұрғындарына Ннормативке сай, 5 инсульт орталығы қызмет етуі тиіс. Қазіргі таңда Өскеменде ІІІ деңгейлі 2 орталық және Семейде ІІ деңгейлі 1 орталық бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, аз уақытта Аягөз және Зырян аудандарының орталық ауруханалары негізінде тағы ІІ деңгейлі 2 инсульт орталығы бой көтермек. Аягөздегі инсульт орталығына 64 кесінді компьютерлік томограф, сонымен қатар, реанимациялық және оңалту жабдықтары сатып алынады. Қажетті қаражат – 600 миллион теңге. Аягөзде Үржар, Тарбағатай, Жармадан, ал Зырянда Күршім мен Катон-Қарағай аудандарының тұрғындары ем қабылдайтын болады.

– Бюджеттен медициналық құрал-жабдық алу үшін 440 миллионға жуық теңге қарастырдық. Мұнда «ана мен сәби» бөлімі, сондай-ақ, «неонатальді блок» жұмыс істейді. Барлығы халықаралық стандартқа сай жасалмақ, – дейді Даниал Ахметов.

Бөлінген қаражатқа жаңа туған сәби, оның ішінде мерзімінен ерте дүниеге келгендердің көзінің қарашығын толық зерттеуге мүмкіндік беретін RetCam торлы камера сияқты заманауи жабдықтар алынады. Сонымен қатар, жүктілік кезінде және босанудан кейінгі ана мен баланың жағдайын бақылайтын фетальды монитор жеткізіледі.

Асқар ТҰМАРБЕК