Қазақстандықтардың жеке мәліметтерінің интернетте таралуының себебі анықталып жатыр. Сондай-ақ мәселемен құқыққорғау органдары айналысуда. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Бүгін желіден азаматтардың жеке деректерін Интернетте тарату туралы ақпаратты көрдім. Өте маңызды мәселе. Дереккөзі мен таралу себептерін анықтауды тапсырдым. Құқыққорғау органдары қазіргі уақытта бұл мәселемен айналысуда. Технологиялардың дамуына орай, жеке деректерге қол жеткізуді қорғау - бүгінде бүкіл әлемдік қоғамдастық алдында өткір тұрған мәселенің бірі. Сіздер коммерциялық немесе мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бұзуға қатысты бірқатар оқиғаларды естіген боларсыздар. Сол себепті, дербес деректерді қорғау бойынша біздің Комитетімізге Еуропадағы Data Protection Agency-ке ұқсас функцияларды беру туралы бастама көтерген болатынбыз, – деп жазды ол Facebook-те.
А.Жұмағалиевтің атап өтуінше, бұл функция азаматтардың жеке деректерін өңдеумен айналысатын ақпараттық жүйелердің иелеріне тексеру жүргізуге құқық береді.
– Сонымен бірге, жеке деректерді қорғауда тиісті шаралар қолданбағаны үшін жүктелетін жауапкершілікті қатайту керек. Мұндай шаралар қазір әлем бойынша қабылдануда, - деді ол.
Айта кетейік, 4 шілде күні «Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығы» заңды тұлғалар бірлестігі (КШЗТО) Facebook-те интернетке 11 миллион қазақстандықтың жеке бас деректері тарағандығы жөнінде жазды.
– Қазақстанның 11 миллион азаматының жеке мәліметтері интернет желісінде қолжетімді болды. Өткен аптада КШЗТО мамандары жеке мәліметтердің ғаламторға жайылып кетуінің ең ірі деректерінің бірін байқады. 11 миллион адам туралы толық ақпараттық база интернет желісінде ашық қолжетімділікте болды - барлығы да елдің кәмелетке толған халқы. Қалаған кез келген адам жүйеге оңай қол жеткізе ала алды немесе оны өзіне толығымен жүктей алды. Базадағы мәліметтер жаңа және жарты жыл бұрын ғана актуализацияланған. Ақпараттың жалпы қолжетімділікте нақты қанша уақыт болғаны әзірге белгісіз. Дегенмен, ондағы барлық ақпарат Google және Yandex іздеу жүйелері арқылы индексацияланып үлгерді. Деректердің таралып кетуінің себебі анықталуда. Тиісті органдар хабардар етілді және оның мән-жайы жақын уақытта анықталатынына үміттенеміз. Осы хабар жарияланып жатқан уақыттағы жағдай бойынша, базаға қолжетімділік жабық тұр, – делінген жарияланған постта.