Тарихи маңызы мол шара Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ұйымдастырылды. Келген меймандар репрессия жылдары қазақ халқының қалай қырылып, қаншама жыл бас көтере алмай келгендерін түрлі деректерге сүйеніп айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Модератор есебінде шара шымылдығын ашқан Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасы орынбасары Сағынбек Ақанов келген қонақтарды рет-ретімен таныстырды. Кітапхана басшылығы мен «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің ШҚО филиалы тізе қосып ұйымдастырған жиынға тарихшылардан бөлек, қала әкімдігінен де келді. Қала әкімінің орынбасары Ирина Смиттің сөзінше, 37-ші жылдың зұлматынан талай қазақ қызыл қырғынның құрбанына айналды. Соңғы жылдары Президент тапсырмасына сәйкес өткен ғасырда қуғын-сүргін нәтижесінде жазықсыз зардап шеккен жандарды толық ақтау үшін көп жұмыс атқарылып жатқанын да сөз етті.
– Бұл күні тарихтың ақтаңдақтарын еске алып, саяси репрессия құрбандарын аза тұтады. Мемлекет үшін маңызды дата. Жазықсыз жала бір адамға емес, оның жақындары мен отбасына да жағылды. Өткен ғасырдың 40-жылдары неміс, кәріс, солтүстік кавказ жұрты мен басқа да халықты жер аударып жіберді. Репрессия мәшинесі шынымен-ақ қатал еді. Сол жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам сотталып, 25 мыңы атылды. Барлығы жоспарлы түрде орындалды. Халық жаулары үшін бекітілген жаза – репрессия ғана болды, – деді қала әкімінің орынбасары.
Тағы бір сөзінде, Ирина Федоровна 7500 адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 2500-і атылып кеткенін айтты.
– Бұдан бөлек, ресми мәліметке сәйкес аштық жайлаған 32-33 жылдары 2 миллионнан астам адам өлді. Олардың ішінде 1 млн 300-і Қытай, Моңғолия сияқты елдерге көшіп кетті. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1350 адам тұтқындалса, 300-і ату жазасына кесілді. Біздің ғалымдар жасаған зерттеулер нәтижесінде бұдан да жаға ұстатарлық ақпараттарды естуге болды, – деді ол.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту бойынша республикалық комиссия құру туралы бұйрығынан соң облыста да жұмыс тобы пайда болды. Оның құрамына кірген ғалымдар, архив қызметкерлері мен қоғам белсенділері тоғыз бағытта жүйелі жұмысқа кіріскен.
Әділхан ЕСІМХАНОВ