Ит-құс шабуылынан зайсандық шаруалар 4 млн теңгеден астам шығынға батты

197
көрілім

Қандыауыз тойғанынша ойран салды осы қыста. Зайсан жұрты даладағы малына алаңдағанмен, түз тағысы талай қылқұйрықтыны тамақтады. Қаңтар, ақпан айларында осы туралы бейнежазбалар тарап жатқанда бірнеше округ әкімі жарытып ақпар ұсына қоймаған еді. Жуықта аудан басшысына сұраухат жіберіп, олар бір жеті ішінде нақты сандармен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тау етегіндегі тағылар

Естеріңізде болса, жуықта Алтай ауданында үй ауласына қасқыр кіріп, оны үркітпек болған адамның жарақат алғаны жазылған болатын. Жыртқыштың тісі киімнен өтіп, тұрғынның етіне кірген. Бірақ дін-аман. Қызығы сол, бұл жақта ит-құстан бөлек, аю да елдімекен тұрғындарының көзіне жиі ұшырасады.

Ал Зайсан жұрты «арагідік ауыл маңына келгенімен, көбінде Сауыр етегінен көрдік» дегенді көп айтып жүрді. Біреу емес, екеу емес, үйірімен жортатын көрінеді. Серіктерімен бірлесе, кәрі-құртаңынан бастап, арланына дейін көрген жергілікті Жалын Мұратұлы іштей есебін жүргізіп, «ірілі-ұсақты тоғыз үйір жүр» деді. Қаңтар айының бас кезінде Айнабұлақ ауылдық округінің әкімінен өз аумағына қатысты ақпар сұраған едік, сол күйі жақ ашпады. Себебі, бірнеше тұрғын Айнабұлақ шетінде шын қауіп сезілетінін жеткізген болатын. Жуықта жіберілген аудан әкімдігінің мәліметінде де бұл туралы жазылмады. Ресми жауапқа сүйенсек, тағылар таулы, алыс аймақтарда малға шауып жатыр.

– 2023 жылы қасқырлар тоғыз бас жылқы, алты бас ірі қара, 12 бас ұсақ малға азуын батырды. Олардың ауылдар маңына жақындағаны туралы ақпарат түскен жоқ, – деді аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов.

Тұрғындар Жаңатұрмыс, Шүршітсу, Шілікті және басқа да елдімекендерді қосқанда, шығын мөлшері бұдан көп болуы мүмкін екендігіне сенімді. Сірә, көбі қары қалың, ауылдардан шалғай жерде арландардың аранына түскен. Сарытерек пен Айнабұлақ жұрты осындайда жыртқышқа қару кезенуге болмайтынын айтып шағымданды. Аяқ асты шүріппені басып қалса, тәртіп сақшылары жетіп келіп, сұрақты жаудыратын көрінеді.

Қару қолдануға бола ма?

Содан көпшілігі ашудың ащы суын сіміріп қала берген. Жалын Мұратұлының сөзінше, қандыауыз тек қыста малды қырып, жазда демалмайды. Ұрымтал сәтті сезсе, ыстықта да, күздің қара суығында да азуын ақситып бағады.

– Аңшылардың қасқыр аулауға рұқсат алуы облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы «Санын реттеуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға рұқсат беру» туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады, – делінген ұзын-сонар ресми жауапта.

Анығы сол, аңшылар мен балық аулаушылардың Шығыс Қазақстан облыстық бірлестігі Зайсан аңшылар қоғамына сәйкес, қасқырлар саны өспеген. Дегенмен шығын мөлшері қомақты. Былтырдың өзінде 16 шаруа қожалығына келтірілген шығын 4 млн 80 мың теңгені құрады. Ришат Рамазанов егер ұлыма шаруа қожалықтары мен тұрғындардың малына қауіп төндірсе, қару қолдануға болатынын алға тартты. Яғни, қасқыр аулауға рұқсаты жоқ, алайда басқа аңды атуға жолдамасы болса, онда қару қолдана алады.

– Шаруа қожалықтардың жетекшілері «Аңшылар мен балық аулаушылардың Шығыс Қазақстан облыстық бірлестігінің Зайсан аңшылар қоғамының» аңшыларына өз қаражаттарынан демеушілік көрсетіп, түз тағылары санының өспеуіне ықпал етуде, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет ашық дереккөзден