Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Jas Kenes siyligi» байқауына қатысу ережелері туралы баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиынға ШҚО ішкі саясат басқармасы жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков пен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Бақытжан Ербол қатысты.
Жауапты тұлғалардың сөзінше, сыйлыққа қатысу үшін 35 жасқа дейінгі барлық азамат өтінім бере алады.
- «Jas Kenes siyligi» ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерінің бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Бұл сыйлық күнделікті жұмысы мен еңбектегі ерлігі көптеген отандас үшін көріне бермейтін қазақстандықтарды – жас мамандарды көтермелеу мақсатында беріледі, - деді Айдос Әділбекұлы.
Байқау 7 номинация бойынша өтеді: «Жанқиярлық», «Өнеркәсіп», «Адамгершілік», «Біздің үй», «Алтын жүрек», «Болашақ туралы қамқорлық» және «Көмек қолы». Әр аталымда екі жеңімпаздан анықталып, әрқайсына 1 миллилон теңге қаржылай сыйлық ұсынылатын болады.
Байқауға қатысу үшін өтінімдер 18 маусым - 21 шілде аралығында jaskenes.kz сайтында қабылданады. Барлық іріктеу кезеңі бойынша үздік деп танылғандар үшін 5-16 тамыз аралығында марапаттау рәсімі өтеді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА