Қабаған иттен арашалап алды

604
көрілім
Шартты фотосурет

Күршім АПБ қызметкерлері қоғамдық тәртіп күзетіне қатысты лауазымдық міндеттерімен қатар қайырымдылық, көмекке мұқтаж жандарға кез келген уақытта қол созуға дайын жандар. Бұған дәлел, жуықта, бөлім басшысы атына келіп түскен хатта старшина Ағалиев Ералы Күршім ауылы тұрғынын қабаған иттен арашалап, ит қапқалы тұрған әйелді аман алып қалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаментінің басшылығы атына алғыс жазған Исабеков көшесінің тұрғыны азаматша Қ.Н.-ның айтуынша, оқиға кешкі сағат 18.35 мөлшерінде болған. Еш алаңсыз көше бойында келе жатқан оған қаңғыбас ит қарсы шығып, оған қарай ұмтылған. Осы қас қағым сәтте, жеке көлігімен келе жатқан тәртіп сақшысы Е.Ағалиев шапшаң қимылдап, иттің алдына көлігін көлденең қойып, иттен үрейленіп, қорқып тұрған әйелді құтқарып қалады. Егер де, старшина Ағалиевтің мұндай шалт қимылы болмаса, бүгінде алғыс айтып отырған азаматшаны ит қауып жарақаттанып, оның салдары қандай болатындығын ешкім болжай алмас еді.

Күршім ауылының тұрғыны Н.Қ. Күршім АПБ-де осындай нағыз азаматтар қызмет ететіндігіне зор ризашылығын білдіріп, Ералы Ағалиев басшылығы тарапынан да алғыс пен марапатқа лайықты екендігін айтуда.

Қызметтік міндетін жауапкершілікпен атқаратын старшина Е.Ағалиев Қазақстан Республикасы Конституциясы мерекесіне орай Күршім АПБ басшылығы тарапынан Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Ералы Мейрамбекұлы отбасылы. Жұбайы Мадина Темірбекқызы №3 Күршім гимназиясында ұстаздық қызметте. Жас отбасында Нарұл есімді кішкентай ұл өсіп келеді. Өзге әріптестеріне үлгі боларлық азаматтық іс жасаған тәртіп сақшысының еңбегіне жеміс, мықты денсаулық тілейміз.

М.Қозыбаева