Қабырғасы жарылып тұр. ШҚО-дағы олимпиадалық резерв мектебінде кемшілік көп

301
көрілім
Фотосурет Egemen.kz сайтынан

Тексеріс кезінде жылу мен кәріз құбырларында, душ пен санитарлық тораптарда судың ағуынан пайда болған сары дақ іздері көзге іліккен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мекеменің толық атауы Спортта дарынды балаларға арналған Шығыс Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі деп аталады. Сол жерден санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары мынадай бұзушылықтар анықтады:

- Жылу торабы орнатылған бөлме қабырғаларында жарықтар пайда болды. Едені де дәл солай. Сыры кеткен қабырға сол еденнен ажыратыла бастаған. Су сорғалап, іздерді қалыпты. № 1 (ет цехы) қоймасының ғимараты мен асхананың жартысында еден мен қабырға арасында саңылау байқалады. Кафель плиталары үгітіліп жатыр. Кір жуатын жер мен ұлдар жуынатын бөлме, ұлдар әжетханасының санитарлық торабы, желдеткіш жүйесі орнатылған төбені шолып шыққанда, тозған жерлері байқалады. Бірінші, екінші, үшінші қабаттардың оң қанатында сылақтар қабыршақтанған, ылғалдану салдарынан сары түсті дақ іздері көрінеді. Жертөлеге түскенде сырлаған жерлері түсіп, еденінен саңырауқұлақ жарып шыққанын аңғаруға болады. Буфет маңындағы кафель плиталары да қираған, - делінген мәліметте.

Сорғалап су аққаны жылу мен кәріз құбырларында, душ және санитарлық тораптарда пайда болған сары дақтан көрінеді.

Сот отырысында мемлекеттік мекеме басшысы мектеп ғимаратының кетеуі кеткенін, күрделі жөндеуге сұранып тұрғанын жасырмады. Анықталғандай, қазір «ПроектСтройЭкспертиза» ЖШС-мен мекеме құрылысының жағдайын тексеріп, оның техникалық жағдайын бағалау бойынша келісімшарт жасалған. Мектеп басшылығы тиісінше, ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасына жүгініп, күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін ақша бөлуге қолқа салды.

Белгілі болғандай, басқарма өкілдері аталған мектепке бір жылда бірнеше мәрте тексеріс жүргізген. Соның нәтижесінде шенеуніктерге айыппұл салынды. Бұл жолы әкімшілік жаза есебінде 849 мың теңге төлеу міндеттеліп, ол сома 30%-ға төмендетілді.

- «Спортта дарынды балаларға арналған Шығыс Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне» ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес 594 412 (бес жүз тоқсан төрт мың төрт жүз он екі) теңге мөлшерінде айыппұл салынсын. ӘҚБтК-нің 893-бабына сәйкес айыппұлды әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс, - делінген сот қаулысында.

Қаулыға апелляциялық сатыда шағым жасалуы мүмкін.

Ақбота АЙТҚАЛИЕВА