Қаһарман Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлім: қырағылық шебінде

2959
көрілім

26 сәуірде Өскемен гарнизоны «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты механикаландырылған бригаданың құрылғанына 28 жыл толды.

Еліміздің тыныштығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі директивасының негізінде 1993 жылы 26 сәуірде Жарма ауданында аталған әскери бөлім құрылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен армияның жаңа түрін құру шеңберінде әскери қызметті жан-жақты трансформациялау және реформалау бойынша түпкілікті өзгерістер жүргізілді. Өзіндік тарихы қалыптасқан бөлімнен түлеп ұшқан офицерлер бүгінгі күні жауапты жетекшілік қызметте еңбек етіп, Қарулы Күштердің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Өскемен шаһарында орналасқан әскери бөлімге 2019 жылдың 4 қыркүйегінде Қорғаныс министрінің бұйрығымен Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов есімі берілді.
Жеке құрамның жауынгерлік әзірлігі де жүйеге қойылған. Әрдайым алдыңғы шептен көрініп келеді. Оған «Шұбаркөл» полигонында Ресей Федерациясының Қарулы Күштерімен бірлескен «Өзара іс-қимыл – 2008», «Өзара іс-қимыл – 2009», «Өзара іс-қимыл – 2019» оқу-жаттығулары, 2010-2011 жылдары өткен бірлескен жедел тактикалық оқу-жаттығулары, 2012 жылғы бірлескен бригадалық-тактикалық оқу-жаттығуы, сонымен қатар, «Айбалта –2015, 2016» оқу-жаттығуларындағы шеберліктері дәлел болады.
Әскери бөлім жауынгерлік әзірлікті одан әрі белсендірудің, кәсіби дағдыны барынша арттырудың, әскери және құқықтық тәртіптің жағдайын жақсартудың оң үрдісін сақтай білді. Әлемдік додада Қазақстанның Қарулы Күштерінің жауынгерлік даңқы мен абыройын арттырған әскерилердің жетістігі де мақтауға лайық. Мәселен, әскери бөлімнің жеке құрамы 2016 жылғы армия халықаралық ойындарындағы «Суворов шабуылы» жарысында  жеңіспен оралды.
Әскери бөлімнің жеке құрамы мұнымен шектелген жоқ. Санкт-Петербург қаласы Қызыл селосындағы С.Киров атындағы Әскери-медицина академиясының оқу орталығында өткен «Әскери-медициналық эстафета» байқауынан Қазақстан құрама командасының механик-жүргізушісі, 3-ші сыныпты сержант Нұрлан Майхановта жүлдемен оралды. Ол жеңіл броньды көп мақсатты тартқышты жүргізіп, кедергілер жолағы мен атыс шебінен өтуде кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті.
-  Мен осы батыр атамыз Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлімде мерзімді әскери қызмет атқарып келемін. Осында граната атқыш мамандығын меңгерудемін. Әскери тәртіпті, қару ұстауды үйрендік. Бастысы Отан алдындағы міндетімізді адал, абыроймен атқару, - деді аталмыш бөлімнің мерзімді әскери қызметтегі сарбазы қатардағы жауынгер Серікбол Жексенбі.
-  Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әр жылдарда III дәрежелі «Айбын», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ел Қорғаны» медальдерімен марапатталып жүрген әскери қызметшілер де баршылық.
2018 оқу жылының қысқы мерзімінде ҚР ҚК Құрлық әскерлері бөлімдері мен құрылымдарының батальондары арасындағы «Мерген батальон» жарысында бригаданың 2 мотоатқыштар батальоны бірінші орынды ұтып алды.  2019 жылғы «Үздік минаатқыштар батареясы» тағы да бірінші орынды жеңді. Дәл осы мотоатқыштар батальоны ҚР Қарулы Күштерінің жедел-стратегиялық командалы-штабтық «Айбалта-2019» жаттығуында да кәсіби шеберлікте жетістіктерге жетті.
-   Жеке құрамға сабақтарды өткізу барысында қазіргі заманғы қарулы шиеленістердің ерекшеліктерін терең зерделеу міндеті қойылып отыр. Жалпы алғанда әскери қызметшілердің кәсіби білімі мен біліктіліктерін пысықтау, дербес және бірлескен іс-қимылдар кезінде қару-жарақ пен әскери техниканы сенімді қолдануға даярлау сынды мақсаттар жетерлік. Өйткені әскердің жауынгерлік қабілетін ұдайы арттырудамыз, – дейді Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлімнің командирі подполковник Аслан Кітапбаев.
Әскери бөлімнің жеке құрамы батыр бабалардың жауынгерлік дәстүрін жалғастырып, еліміздің стратегиялық маңызды аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқара бермек.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі