Сайт редакциясына осы жолы жолданған жауап мазмұны бұрынғыдан өзгерек. Десе де толымсыз. Мардымды мәлімет беретін уақыт жеткен де сыңайлы. Себебі осыған дейін берілген толымсыз мәліметтерге оқырмандармен қатар қала тұрғындары мен қонақтары да әбден «тойды». Кешкі сағат 20:00 кезінде жұмыстан шыққандар такси шақырып қайтуға мәжбүр. Бірнеше жыл бұрын ғана қалалықтар жиі қатынайтын №47, 33, 42-ші автобустарды қасқарая бастағаннан жолықтыру мүмкін болмай кетті. Шектеу шаралары мәселені одан әрмен ушықтырып, жығылғанға жұдырық болды. Мұның барлығын бақылауда ұстауы тиіс мекеменің барын ескеріп, сұраухат қала әкімдігіне жіберлген еді.
Шаһар басшысының орынбасары Денис Федченконың сөзінше, Өскемен бойынша қазіргі уақытта 10 тасымалдаушы ұйым жұмыс істейді. Тізбектеп жазғаннан гөрі кесте түрінде ұсынуды жөн көрдік.
№ |
ЖШС/ЖК атауы |
1 |
VoSka |
2 |
Вебас |
3 |
РОСТ |
4 |
Бақытжол |
5 |
Марат-М |
6 |
Каленицкий |
7 |
Автосервис |
8 |
Кривошеев |
9 |
Таксопарк |
10 |
Өскемен қаласының транспорттық компаниясы |
Көпшіліктің көз жасы
Қала әкімдігіндегілердің айтуынша, аталған тасымалдаушылар облыс орталығы ішінде 50 маршрут бағытында қатынап, ол жұмысты 384 автобус атқаруда. 340 мыңға жуық тұрғыны бар Өскемен үшін бұл аз ба, көп пе? Айтарлықтай азайған сияқты. Қала тұрғындары солай дейді.
– Бұл өзі Жаңа жылдан бері басталған былық. Әсіресе №10 автобустың тым сирек қатынауынан Бабкина-мельница ауылына барамын деген талай адам дірдек қағып, қаңтар қаһарына мініп тұрғанда сан мәрте үсіп қала жаздадық. Шынын айтсақ, ойлаған жеріне жете алмаған жұрт жылармандай болып, ес кетті, жан шықты дегеннің өзінде 1-2 сағат күтіп барып зорға қайтып жүрді, – дейді Гүлзира Амантайқызы (аты-жөні өзгертілген).
Тазалық жоқ, терезе де жабық
Дәл осы кейіпкер газет редакциясына қар сөгіле бастаған шақта қайта хабарласып, «баяғы жартас – сол жартас» екендігін жеткізді. Сол кезде қала әкімдігі «Марат-М»-ге бір ауыз ескерту сөзін айтып, жағдайды бақылауға аламыз» дегендерімен қандай да бір өзгерістің болғаны шамалы. Ал жауапты тұлғалар шаһар ішіндегі бағыттарға жолаушылар тасымалдайтын автобустар мен шағын автобустардың жергілікті атқарушы органдармен бірлесе, кестеге сәйкес қатынайтындықтарын алға тартты. Қоғамдық көліктердің сағаттап кешігуінен бөлек, теңселген сайын немесе жолаушылардың отырып-тұруынан-ақ шаңы аспанға шығып, тазалықтың сақталмауы деген тағы бір мәселе көтерілді. Бұл да талай жылдан бері жыр болып келе жатқан жайт. Одан қалса №44-ші автобус сияқты кейбірінің терезелерінің мүлде ашылмауы аптап ыстықта қаталап келе жатқан жолаушыны одан әрі қыспаққа алады. Шенеуніктер қалалық маршруттарға қызмет көрсету үшін күн сайын 276 автобус (200 автобус, 60 шағын автобус және 16 трамвай) шығарылатынын жеткізді. Сонда «Облыс орталығындағы қоғамдық көліктер жаңартылды ма, қазіргі уақытта олар нақты сағат нешеге дейін жүреді?» деген заңды сауалдар туындайды.
Шенеуніктер шарасыз ба?
Маршруттар таңғы сағат 5:50-ден бастап 21:00-ге дейін жолаушылар тасымалдауды жүзеге асырады, орташа аралық 20 минутты құрайды. Денис Федченко арагідік техникалық ақауларға байланысты автобустардың желіден жиі шығып жататынын жасырмады. Осы бір ресми жауап көңілге әлдеқайда қонымды. Себебі жағдайдың көңіл қуантпай тұрғандығы көпшілікке аян. Енді мәселе шешімін қалай таппақ? Бұл жағы қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Жолаушыларды тасымалдауды басқару» ЖШС құзыретінде екен. Берілген жауап қала әкімдігі тарапынан автобус қозғалысының бірқалыптылығы орнауы үшін қала басшылығы шарасыз дегенге саяды. Сонда мәселенің сол күйінде қала бергені ме? Еш ықпал ете алмаса қала әкіміне сын болар бұл.
Осы ретте шенеуніктер автобустармен жүру кезінде жас ерекшелігі, түрлі әскери қақтығыстарға қатысуы мен мүгедектік жағдайына байланысты жолақы мөлшеріне тоқталды.
№ |
Қай санатқа жатқызылатыны (ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, мүгедектер т.б) |
Жол жүру ақысы |
Автобус нөмірі |
1 |
Ересектер билеті |
90 теңге |
№352, 357 маршруттан басқа |
2 |
Балалар билеті |
45 теңге |
№357 маршруттан басқа |
3 |
70 жастан асқандар |
50 теңге |
№351, 352, 356, 357, 417 маршруттан басқа |
4 |
ҰОС-та қаза тапқан қызыл әскерлердің жесірлеріне |
Тегін жүру |
|
5 |
Концлагерь, Қоршаудағы Ленинград тұтқындарына |
Тегін жүру |
|
6 |
Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалары |
Жеңілдікпен жүру |
№351, 352, 356, 357, 417 маршруттардан басқа |
7 |
Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 15 жастан 18 жасқа дейінгі балалары |
Жеңілдікпен жүру |
№351, 352, 356, 357, 417 маршруттардан басқа |
8 |
I, II топтағы мүгедектерге |
Тегін жүру |
№352, 356, 357, 417 маршруттардан |
|
Сонымен қатар жол жүру билеттерінің №351, 352, 356, 357, 417 автобустарда жарамсыз екендігі, №352 маршрутта ересектер билеті 95 теңге, №357 маршрутта ересектер үшін 160, ал балалар билеті 80 теңге екендігі жазылған.
Шағын автобустардағы жол жүру бағасына келсек, ересектерге арналған билет 90 теңге болса, балалар үшін – 45 теңге. Жас мөлшеріне байланысты (58 және одан жоғары жастағы әйелдер, 63 және одан жоғары жастағы ерлер) №228, 229, 230, 246, 250, 253, 255, 256, 260 шағын автобустарында билет – 80 теңге. Тегін жол жүру жағы да қарастырылған.
№ |
Қай санатқа жатқызылатыны (ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, мүгедектер, т.б) |
Жол жүру |
1 |
ҰОС мүгедектері мен қатысушылары үшін |
Тегін |
2 |
ҰОС-та қаза тапқан қызыл әскерлердің жесірлері |
|
3 |
Концлагерь тұрғындары, Қоршаудағы Ленинград тұтқындары |
|
5 |
I топтағы көзі көрмейтін мүгедектер |
|
6 |
«Батыр Ана» және «Алтын алқа» медальдарымен марапатталған көпбалалы аналар |
|
7 |
Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалары |
|
8 |
Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 15 жастан 18 жасқа дейінгі балалары |
Ұзын-сонар ұсынылған жауап барысында Өскеменге жаңа автобустардың сатып алынатындығы, я болмаса жаңартылатындығы жайлы сауалға жауап берілмеді. Міндетті түрде қамтылуы тиіс мәселе болатын. Десе де қала әкімдігі бұған келгенде тайқып кетті тағы да…