Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскеменнің активіне облыс орталығының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке бұған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген Жақсылық Омар тағайындалды, деп хабарлайды газет тілшісі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Жақсылық Омар 1980 жылы Алматы облысы Алакөл ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті (2001) мен Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін (2010) бітірген.
2001-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жетекші маманы, бас маманы, 2007-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің маманы, "Қазақстан" РТРК" АҚ "Астана" ТРК дирекциясы директорының орынбасары, "Арнамедиа" Ұлттық ақпараттық холдинг» АҚ бас менеджері, 2009-2010 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі, 2010-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, 2011-2013 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы, 2013-2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2016 жылдың қарашасында Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын.
Асқар ТҰМАРБЕК