Қала әкімі Жақсылық Омар қар дұрыс тазаланбаған жерлерді қарап шыққан соң өзге шенеуніктердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Желтоқсан айының 20-сы күні шаһар басшысы қарамағындағыларды ертіп, қалың қар қай жерлерді алып тастады деп тексеріс жүргізді. Орталықты қойып, қаланың шет жағындағы ықшамаудандар мен көшелердегі күрелмеген жолдар жауапты тұлғаның ашуын келтірді.
– Неге жұмыс істемейсіңдер? Қар жауып біткен соң сендердің де жұмыстарың тәмам болды ма? – деді Жақсылық Мұқашұлы «Таза Өскемен» кәсіпорнының басшысына Красин көшесін аралап жүріп. – Ауа райы ашық тұрғанда іске кіріспейсіңдер ме?
Бұл ғана емес, аулалар алдына жету де әлі қиын болып тұрған көрінеді. Қала әкімі қаладағы әр түкпірді қардан тазалауға мемлекеттік кәсіпорындар да мүдделі екендігін айтты.