Қаптаған қалың қазақ арасында хакім Абайдың әндерін әуелете шырқап тұрған орыс ұлтының өкілін көрген адам әп-сәтте таңданыс білдіріп, «бұл кім екен?» деп жалт қарасатындары белгілі. Күн райы құбылып, бірде боран, бірде аязы алқымынан алатын қыс мезгілінде тұрғындарды таң-тамаша етемін деген балаң жігітті қазір өскемендіктер де жиі айтып жүр. Бұл мақалада Өскеменнің әр жерін аралай жүріп, баритон дауысымен қалалықтарды қайран қалдырып жүрген Кирилл Рожков туралы жазылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бойына дарын берген
Кириллдің қаңтар айының ортасында Өскеменнің орталық базар маңында ән айтып тұрған видеосы әлеуметтік желілерге тарап, жұрт арасында түрлі пікір туғызған болатын. Жағымсыз пікір қалдырғандары болмады. Себебі кейіпкеріміз Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» әнін шырқап тұрған еді. Кәдімгі газды сусынның бөтелкесіне құйылған судан ұрттап тамақ жібітіп, тоқтамастан әндетіп тұрған жігітпен жолығып, біз де қызықтырған сауалдарымызды қойдық. Алматы облысының Сарыөзек ауылында өмірге келген екен. Өскеменге 1-сынып оқып жүргенінде қоныс аударған. Қазір жасы жиырма бірде. Ал музыкаға деген әуестігі сонау даярлық сыныбына қабылданған кезінде пайда болыпты. Айтуынша, Құдай бойына айрықша дарын берген. Өзі музыкалық білімнен де қаражаяу емес. Айталық, вокал бойынша 7, гитара тартуда 6 жыл оқыған қос дипломы бар. Білімін жетілдіріп, тағы бір диплом алсам деген мақсаты аяқсыз қалып, ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚО өнер колледжін аяқтай алмай қалған. Хош. Айтпағымыз бұл емес. Ұлты орыс бола тұрып, қазақша әндерді шырқайтыны қызық болды. Кирилл әңгіме төркінін алдымен отбасынан бастады.
– Қазір досыммен бірге тұрамын. Ата-анам ажырасқан. Өткен жылы біраз уақыт анаммен Қарағандыда тұрдым. Ол басқа ер адаммен көңіл қосқан болатын. Үйде жұмыс істеп, нәпақа табатын да сол еді. Арада уақыт өтіп, анам босанды. Қысқасы, қас-қағым сәтте барлығы қарбаласып кетті. Алматыға барып едім, ондағы әкемнің де жағдайы мәз емес-тұғын. Өзімді мүлде жат ортаға түсіп кеткендей сезіндім, – дейді Кирилл.
Күніне 10 мың теңгедей тапқан
Айналасында болып жатқан жәйттер жігіттің жігерін жана түскендей. Қолұшын беріп, демеп жіберер ешкімі жоқ. Сөйтіп Алматының көшелеріне шығып ән айтып көрді. Шамамен 12 мың теңгедей табыс тауып, атбасын қайта Шығыс өңіріне бұрды. Содан бері жұрт арасында ән айтып, нәпақасын табуда. «Телміріп алған теңгеден тер сіңдіріп алған тиын артық» дегендей қалалықтардан қол жайып, ақша сұраған емес. Бар дауысымен әндетсе де «айдың күні аманда мазаны алдың» деп наразы болған жұрт та жолықпады. Демек Кириллдің өнер жолында бұқара халық арқылы танылып, арман-мақсаты қолдау табары сөзсіз. Өзінің айтуынша, күніне 10 мың теңгедей тапқан күндері де болған. Аз дегеннің өзінде 1500-2000 мың теңге бұйырады. Қазіргі табыс көзі де осы.
– Бірде Ивушка базарының алдында тұрып ән шырқадым. Қалың қазақ арасында орыс жігітінің қазақ тілінде сайрап тұрғанын көрген тұрғындар жан-жағымнан қаумалап алды, – дейді кейіпкеріміз. – Бірі ұялы телефондарына түсіріп алса, біреулері әнді ұйып тыңдап тұр! Айтып болғаным сол еді, әнге еліккен жұрт ду қол шапалақтап, ризалығын білдірді.
Тәртіп сақшылары не дейді? Бұл орайда Кирилл бастапқыда әрбірімен жеке-жеке келісіп, рұқсат алып жүрген. «Бұл жекеменшік аумақ, басқа жерге барыңыз» дегендерге кейін өскемендіктердің өздері араша түсіп, жігіттің ән айтуына кедергі болмауларын өтінген.
Әнші болу – арманы
Кириллдің айтуынша дауысын сақтау үшін диета ұстайды. Мәселен тәттілерді жеп, шемішке шағу, газды сусындар ішуді мүлде аузына алмайды екен. Қыстың суық ауасында бар дауысымен тоқтамастан бірнеше ән орындау тамақ ауруына әкеп соғатынын да біледі. Амал нешік, таңдаған жолы осы болса.
Бұл жігіттің арманы – табыс тауып, мәнсап қуу емес, шығармашылық тұрғыда елге танылып, нағыз әнші атану. Қазір дауысын сақтап, алдағы сапарына әзірлік үстінде. Айтуынша, бір-екі ай ішінде Семей өңіріне барып өнер көрсетуге талпынып жүр. Әзірге репертуарында 10 ән бар.
– Орысша әндерім де бар. Алайда қазақ деген киелі ұлт жері туған мекенім болғандықтан, қазақша әндерді нақышына келтіріп орындауды құп көремін, – деген Кирилл ұлы Абайдың мерейтойында, яғни тамыз айында көпшілік алдында ақынның «Желсіз түнде жарық ай» мен «Көзімнің қарасы» әндерін орындауда өзіне парыз санап жүр. Олай болса, өнерің өрге жүзсін замандас!
Әділхан ЕСІМХАНОВ